30 жылдан кейін иесіне оралған ителгі (болған оқиға ізімен)

Dalanews 15 сәу. 2019 08:22 810

Құрметті ағайын, жазушы болмасам да осы бір өз басымнан өткен, әлі күнге дейін ойымнан кетпейтін, мен үшін таңғажайып оқиға жайлы сіздермен бөлісе отырсам деймін.

Менің кіндік қаным тамған жерім Абай ауданы Архат ауылы, басымнан өткен өзім бөліскелі отырған жәйт та сол туған ауылымда өткен еді.

Айтар әңгімеме өзек болар тақырып та өз бастауын сегізінші сыныпқа көшкен кезден орын алған еді. Архат ауылы аң-құсы көп таулы мекен ғой, бір күні досым Самат маған таудан ителгінің ұясын көргенін және де ұяда төрт балапан бар екенін айтып, асырайық деді.

Балалық қызығушылық басым кез ғой, бірден келістім. Сонымен үш бала бірігіп тауға тартып кеттік, ұяға көтерілу біраз қиындық тудырса да сол тауда өскен баламыз ғой, ұядағы ақүрпектен сәл қарая бастаған төрт балапанның үшеуін олжалап алып қайттық. Алып келген соң әртүрлі саятшылық жөніндегі әңгіме-мақалаларды іздеп жүріп оқып дегендей ептеп «сауатымыз» ашыла бастады, ең бастысы ысталған, тұздалған ет бермеу, тұрған жері түтінен таза болуы, тек жас етпен қоректендіру т.т сияқты талаптарын бұлжытпай орындадық.

Бір қызығы үшеуміздің де балапан құсымыз аман өсті, және қалған екеуіне қарағанда менікі ірі болды, соған қарағанда ұрғашы болған сияқты. Аяқбауын жасау, томағасын жайлы қылып тігу, тұғырын жасау менің тарапымнан аса ыждаһаттылықпен жасалған дүниелер еді. Тіпті оның саңғырығын да еш жеркенбестен өзім тазалайтынмын.

Рогатканы жақсы меңгергендіктен күніне ең болмағанда саршұнақ, кейде көгершін етінен кенде қылған жоқпын, тіпті маңайдағы достарым да бір көріп шығу үшін, саршұнаққа дейін аулап ұстағандарын маған әкеліп тұрды. Тамақтан таршылық көрмеді, ас мәзірінің ассортименті бай десем де болады.

Тіпті, бір жолы үйдегі кәрі әтешті де құрбандыққа шалып жібергенім бар, енді қырық жылдан соң кәрі әтештің неге «із-түзсіз жоғалып» кеткенін мойындауға болар деймін. Ол кезде құсым өсіп қомағайланып «аппетиті» де ұлғайған болатын, оның үстіне тауыққа мінбек түгілі қуып жете алатын қауқары аз кәрі әтеш арқылы ителгімнің күш қуатын сынап көрейін деп ойласам керек, сайыс алаңы қораның іші еді.

Жастың аты жас қой, ұшуға жарап қалған ителгім күш қуаты тайған әтеш байғұсты әп-сәтте ту талақай қылып қомағайлана жүнін бұрқыратып шашып тастады. Ауылдағы үш «құсбегі» күнара бас қосып, хал сұрасып дегендей, бір-бірімізге әркім өз құсымызды жер көкке тимей жарыса мақтаймыз. Құстарымыздан сұрап әуре болып жатпай-ақ күзде неге, қандай аңға салатынымызды да көз алдымызға елестетіп кесіп пішіп қойған едік, қоян түгілі түлкіден де дәмеміз жоқ емес. Аяңдап қоңыр күзде келді, екі достың бірінің құсы босата салысымен ізім-қайым жоқ болды десем болады, қашып кетті-ау деймін, ал екіншісі анық есімде қалмапты. Менікі қашпады, содан біраз оқығандарымыз бойынша маңайдағы балалар жиналып қоян терісін шөпке толтырып көзі орнынан жас ет шығарып ашығып тұрған ителгіме дәмін татқызып ұзын жіппен бір бала сүйретіп жүгіруді тапсырдым.

Мен түгілі үлкендерді де таң қалдырып ителгім әлгі «қоянға» түсті, қолымнан ұшып шыққанда бірден көтерілмейді, жер бауырлап ұшып барып түсуші еді, жалма жан қоян тулағынан шығып тұрған етті қылғытады. Сөйтіп аяқ астынан маңайдағы балаларға құсбегі болып шыға келдім, балалар да қызыға қарайтындай, сол кездегі мақтаншақтығыма Том Сойердің өзі де астар болмай қалар ма еді. Бірақ «аңға» шығып үлгермедім, әкем марқұм: «балам, мына құсты әйтеуір қоймай жүріп өсірдің ғой, енді менің тілімді алсаң еркіндікке жібер, бұл дала құсы обалына қалма» деді.

Әкенің бір ауыз сөзі заң, бұлжытпай орындалатын заман еді ғой. Балапан кезінен асырағандықтан қимай көзіме жас келіп тұрса да ақыры босатуға мәжбүр болдым. Сенесіздер ме, құс екеш құста иесін таниды, тек мен шақырсам ғана келетін. Екі күндей келіп жүрді, үйге тақау биікке қонып отырады, ал мен бар болған жаутаңдап қарай беремін, тек шақыра алмадым. Оң аяғындағы қолдан иленген теріден жасалған бір қарыстай аяқ бауын шешпеген болатынмын. Қанша дегенмен құс қой, мен сияқты қашанғы жаутаңдай берсін, ақырғы рет шаңқ етіп үн шығарды да төбемнен екі-үш айналып тауға тартып кетті, сол кеткеннен мол кетті. Енді ешқашан да оралмайды деген қимастық сезіммен екі көзіме шық тұрып мен қала бердім.

Бұл қимастық маған сол сәтте не қалдырды, мүмкін адамдарға ренжіп сондай қыранға айналып артынан қуып кетсем деген балалық қияли қиялды қалдырған болар, қас қарайғанша үйге кірмей жүргенім де содан болар. Ал сол нүктеге айналып алыстаған, ақүрпек кезінен асырап бауыр басқан құсымның көзімен алып қарасақ ше, оған иесі болғанмен ие болуға жарамағаныма ол да өкпелі кеткен болар. Бірақ қалай десек те мұның бәрі де аңғал, елеусіз жүретін, оңашада оқыған кітабының кейіпкеріне айналатын, бірақ пікірімен ешкім аса санаса бермейтін, бір жапырақ кішкентай бала Ерланның қиялы ғана болатын...

Ұмытып барады екенмін, кейіннен көргендері рас болса балалар: "сенің ителгіңді көрдік, аяғындағы аяқбауынан таныдық" деп жүрді, бірақ мен аспанға қанша тесіле қарап елеңдеп жүрсем де қайтып жолықтыра алмадым.

Мұның бәрін неге айтып отырмын, енді соған оралайын, содан бері жылдар өтті, есейдім, үйлі болдым, бала сүйдім, есептеп көрсем қазір содан бері қырық жылдан астам уақытты артқа тастаппын. Ауылдан көшіп қалаға келгенімізбен түсінде ауылында жүретін түстен арыла алмай жүргенімізге де ширек ғасырдан асты.

2007 жылдар шамасы болар жарым Жанар екеуміз ол кезде «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген тіршілік қамымен базардан кеш қайтып келе жатқанбыз. Үйге жиырма қадамдай қалғанбыз, кенет құлағыма сол асыраған ителгімнің өмір бойы жатталып қалған үні шаңқ етіп келді, әрине, ол емес қой. Селк ете қалдым да: «Жанар, мына дауыс менің ителгімнің үнінен аумайды екен» дегенімді өзім де байқамай қалдым. Өйткені, ол да естіген ғой бала кезімде ителгі асырағанымды, неше жыл бірге отау құрып келе жатқандықтан жаныңыздағы жарыңызға балалық шағымыздан айтатынымыз бар ғой. Енді мына қызықты қараңыздар, әлгі даусы естілген ителгі тура менің үйімнің төбесінде отыр, мен сасқалақтап «бопым, бопым» деп қалай жалаңаш қол созғанымды да байқамай қалдым. Алла куә, әлгі ителгі далпылдап келіп менің білегіме қонды, қолымның ауырғанына да қарамай аяқ бауынан шап бердім.

Жанар шошып кеткен «жібер, жібер, көзіңді шұқып алады» деп тұр, маңайда жүрген бір-екі жасөспірім балаларда жүгіріп келіп мына кинода ғана көріп жүрген жағдайларына таң қалып "дядя, дядя, как вы поймали, вам не страшно?" деп тіпті жақындап тақауға қорқып тұр. Ал менде ондай қорқыныш сезімі мүлде болған жоқ еді, тіпті жоғалып кеткен жақынымды тапқандай қуанғаннан өрекпіп жүрегім аузыма тығылғандай, адам айтқысыз ерекше бір күйге түстім.

Бір сәт меңіреу адамдай есімнен айырылғандай тұрып қалдым, оған себеп мына ителгі құстың да түр келбеті, көлемі мен асыраған ителгіден аумағаны былай тұрсын оң аяғында тура менікіндей сыңар аяқбауы бар екен. Тура сол құсым келіп отыз жылдан соң танып қолыма қайта қонғандай еді. Жарайды, біреуден босап адасып кетті дейік, бірақ бүкіл қаладан тура менің үйіме келіп, оның үстіне еш жатырқамай бір шақырғаннан қолыма келіп қонғаны, оң аяғындағы аяқбауы мен үшін бала кезімді алып келген ғажайып сәт болатын. Осындайда бір тылсым құдыретке бас имеске шараңыз да қалмайды екен, миллион ұтып алған адам да осындай күйге түсер деймін.

Содан ол ителгі үйімде екі күн болды, анығы қорамда, ертеңіне мал сатумен айналысатын бауырымнан барып қойдың шикі өкпе-бауырын алдым. Телміре қарап, түсінбесе де "сөйлесіп" қорадан шықпай көп отырдым, тіпті қараңғыда далаға шықсам да бір магнит тартқандай қораға қайта-қайта барғыштай бердім. Мен сол кезде балалық шағыммен қайта қауышып тілдестім, ара-арасында құшақтай бауырыма басып ұстасам да құс бұлқынып қарсылық танытпады.

Сонымен ертеңіне жұмысқа барған соң жігіттерге, оның ішінде Айбек Сапышев деген ақын ағамыз бар еді бәріне таңданысымды жасыра алмай жырдай қылып айттым. Сол-ақ екен, кім жеткізгенін білмеймін түстен кейін екі жігіт жетіп келіп тұр «брат, сізде құс бар екен, бағасына келісіп сатып алайық» деді. Сол кездерде арабтар Қазақстаннан құс сатып алып жатыр екен деген әңгіменің қызып тұрған кезі-ау деймін, ұзынқұлақпен жетіп жататын, құлақ болған соң естиді ғой.

Әрине, қаражаттан қысылып жүрген сол кезде көктен өзі ұшып келген ақша артық болмас та еді, бірақ тез ойланып маған сенім артып пана тұтып келген ителгіні азаттығынан айырмаймын деген шұғыл шешімге бірден келдім. Сол ойға бекем бекіп ителгіні сатпадым. Шыны керек, балалығымның бір ұмытылмас бейнесін алып келген құсты сату мен үшін баға жетпес қымбат балалығымды сатқанмен бірдей екенін ұқтым. Бұл қайта оралмас балалықтың қаншалықты құнды екенін ұқтырған сәт еді, ар деген қасиетті ұғымның барлық құндылықтан жоғары тұратынын ұқтырған сәті еді.

Ұят та болса «жігіттер ұстап алғаным рас еді, бірақ, қашырып алдым...» деп жалған сөйлеуге тура келді, кейде адамдығыңды сақтап қалу үшін еш залалы жоқ өтіріктің де зияны жоқ екен-ау. Кешке үйге келе сала қорадан алып шықтым да қоя бердім, бірақ мен жіберді екен деп бірден кете қою ителгінің ойында мүлде жоқ екен, ұшқан беті есігі ашық тұрған моншаға барып кірді, сонымен қайтадан қораға апарып өзі кетер деп есігін ашық қалдырдым. Таңертең тұрсам әлі отыр, кетпеген екен, таңданысымды жасыра алмасамда есікті сол беті ашық қалдырып, біраз еркелетіп сипалай сөйлесіп жұмысқа кеттім.

Кезінде асқар таудай әкем құсыма еркімнен тыс азаттық бергізген еді, енді өзім әке болғандықтан сол құсқа өз еркіммен азаттық беруді жөн деп санаған едім. Кешке таман келсем саңғытқан ақтаңдақ мөрлерін қалдырыпты да ұшып кетіпті. Міне, адам сенгісіз осындай жағдай менің басымда қайталанды, араға орда бұзар жас салып таң қалдырды, тіпті әлі күнге дейін аспанда қалықтаған құс көрсем сол жәйт бірден есіме түседі, тіпті сол ма деп қарайлаймын.

Мүмкін, бұл мені қорғап жүрген періште кейпіндегі құсым болар, менің оған азаттық бергенім де мен үшін сынақ болған шығар, кім білсін, тек бір Аллаға аян!

Біреулер үшін бұл қызықсыз да болар, бірақ мен үшін өте ғажайып оқиға, сондықтан менің бала кезімдегідей «ешқашан» деген сөзді ешқашан айтпаңыздар. Табылды айтқандай қазақ халқы биіктігін сол қыранының қанатымен өлшеген ел ғой, басымнан өткен осы оқиғаны Сіздермен бөлісуді жөн көрдім. Ұнамаса жәй ғана оқып өте шығарсыздар, тек әкенің баласы болған соң менің де көңілін бір атым насыбайдан қалатынын ескеріңіздер, сөкпесеңіздер екен.

Өйткені, біреулер үшін ойдан шығарылған қиял деп қабылданса да мұнда ақиқат жатыр, оған алдымен Алла куә, мен өзім куәмін, менің жанұям куә!

Бірақ кім не ойласа да осы тылсым жағдайдың өз басымнан өткенін мен үшін өмірімнің ерекше бақытты сәтінің бірі деп қабылдадым.

Бұл сәйкестік болар дейін десем де сол сұрақ қайта мазалайды, неге өз ителгімнен аумайды, неге мұның да оң аяғында аяқбауы бар, неге менің үйіме келді, неге мен шақырғанда еш жатырқамастан бірден қолыма қонды?... Екі күн қарайлап тосатыны ол да жұмбақ, мен үшін  қалған өміріме өзек болар шешуі табылмас аса күрделі құпия.

Міне көрдіңіздер ме, сұрақ көп, жауап жоқ, жалпы менің ішімде жүрген сұрақтарымның көбі жауабы жоқ жұмбақтар ғой, өзіме аян. Мысалы, соның бірі Семей қаласының гербін алайықшы, басқа қалаларға герб болады, ал Семейге келгенде... эх, азаматтар.

 

Ерлан Шаяхметұлы, Семей қаласы.


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар