Белгілі қаржы сарапшысы Айбар Олжай 2GIS қосымшасына бойкот жариялауды ұсынды. Dalanews.kz тілшісі сарапшымен сөйлесіп, мұндай ұсыныс жасауының себебін сұрады.
Ол қазақ халқын PlayMarket немесе AppStore-де 2GIS қосымшасына 1 жұлдызша баға қойып, рейтингін төмендету науқанын бастауға шақырды.
"Оның себебі, компания қазақ тілінің заңмен бекітілген тұтынушылық құқығы мәселесінде әдейі керісінше әрекеттерге барып жүр. Олар Қазақстанда жұмыс істегендіктен, кафелерді, қызмет көрсету орындарын жергілікті заң талаптарын сақтауға шақыруы тиіс еді. Тугистен ондай жауапкершілік байқалмады. Демек компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілік принциптерін бұзып отыр. Өзі қызмет етіп, табыс тауып отырған елдің тәртібін, заң нормаларын сақтауға қолғабыс етпеуіне мемлекеттік органдар реакция бермесе, онда халыққа бойкот механизмдерін іске қосуға тура келеді", - дейді Айбар Олжай.
Ол компания осы мәселеге қатысты қандай шаралар қабылдауы керегін айтты.
"Компания өз тарапынан қоғамдық қызмет көрсету нысандарының заң талаптарын сақтауына септесіп, осы бағыт бойынша жауапты жұмыс атқаруы тиіс деп ойлаймын. Бұл тәжірибе әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компанияларда бұлжытпас қағида", - дейді маман.
Бірақ, сарапшының айтуынша, 2GIS тұтынушы тілдік бағытта, мысалы қазақша ас мәзірі жоқ деген шағым жасаса оны өшіруге тырысады.
"Бұл ретте, тұтынушының шағымы заңды ма деген призмадан қарау керекпіз. Бұл шағым заңды, себебі ҚР "Тілдер туралы" Заңы мен "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" Заң бұзылып тұр. Компания керісінше өзі картасына белгілеген нысандарға осы бойынша ескерту берудің орнына, мұндай шағымдарды жасырып келеді", - дейді Айбар Олжай.
Сонымен қатар, маман бұл жағдайда мемлекеттік органдар реакция бермейтінін айтты.
"Бұған мемлекеттік органдар реакция бермегендіктен, халық болып бірігіп, осы карта қосымшасының рейтингін түсіру арқылы проблемаға назар аударғымыз келеді. Яғни, 2GIS есігін қағып тұрмыз, проблеманы ескерсін, осыны қаперге алсын деген қадам жасаудамыз", - дейді сарапшы.
Бұған дейін қазақстандықтар қажет тілде қызмет көрсетпеген бірнеше кофехана мен орындарға бойкот жариялаған болатын.
Мысалы биыл қаңтарда Астанадағы Qazaq Coffee кофеханасы да даулы пікірден соң жабылған болатын. Сол кезде астаналық тұрғын Қайрат Ибраев кофеханадан қазақша мәзір сұрап, болмаған соң шағымын 2ГИС қосымшасына жазған. Оған әкімшілік қызметкері: "Қызметкерлеріміз қазақша сөйлеуге міндетті емес", – деп жауап қатқан. Бұл пікір қоғамда үлкен наразылық туғызып, әлеуметтік желіде ұлт пен тілге деген құрмет мәселесін қайта көтерген еді. Нәтижесінде, Qazaq Coffee өз жұмысын тоқтатты.
Сонымен қатар, күні кеше Алматы қаласындағы "Братский шашлык" кафесіне қатысты дау туды.Кафе қазақша мәзір сұраған жігітті "нацист" деп қорлаған еді.
Оқиға 14 мамыр күні болған. Қала тұрғыны Досғали Әміров аталмыш кафеде тамақтанып, мәзірдің қазақ тілінде ұсынылмағанын айтып, 2GIS қосымшасында пікір қалдырған. Алайда мекеме өкілі оған дөрекі түрде жауап берген.
Пікірде: "Сен бәрін түсініп тұрсың ғой, неге ақымақ кейпін танытып тұрсың? Нацист, фашист. Егер пікірді өшірмесеңдер, қонақтарды күтіңдер!" – деген сөздер жазылған.
Осыдан кейін кафе жауабын өшіріп, тұтынушыны бұғаттап тастаған.
Артынша кафе иелері әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады. Олар кешірім сұрап, ондай пікірлерді кім жазғанын білмейтінін алға тартты.
"Біздің атымыздан кім жауап беріп жатқанын білмегенімізді атап өткіміз келеді. Бірақ сіздерге сендіргіміз келеді - бұл жағдай біздің ұстанымымызға және құндылықтарымызға мүлде сай келмейді. Біз қазақ тіліне үлкен құрметпен қараймыз және оны жоғары бағалаймыз. Барша қазақ халқынан шын жүректен кешірім сұраймыз. Біз Қазақстанды, қазақ тілін және халқымыздың дәстүрлерін шын жүректен жақсы көреміз әрі ерекше қадірлейміз. Қызметкерлер арасындағы түсініспеушілікке байланысты тиісті шаралар қолданылды, аталған қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды", - деді кафе иелері.