Экс-судья Жолмановаға қатысты іс: куәгерлер бар шындықты жайып салды

Сағыныш Сардарова 14 мам. 2025 15:02 679

Алматыда бұрынғы судья Светлана Жолмановаға қатысты іс бойынша сот жалғасып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Tengrinews.kz мәліметінше, бүгін айыпталушы Светлана Жолманова денсаулығына байланысты сот отырысына қатысудан бас тартқан. Алайда тергеу изоляторының басшылығы айыпталушының денсаулығы жақсы екенін айтқан. Ол тәртіп бұзғаны үшін тәртіптік изоляторға ауыстырылған.

Процесс айыпталушының қатысуынсыз жалғасып жатыр.

Бүгін сот барысында жәбірленушілердің бірі бұған дейін Жолманова одан 170 мың теңге қарыз алып, қайтармағанын айтты. Дегенмен жәбірленуші Жолмановаға қарсы шағымдардан бас тартты.

"Светлана Жолмановаға қарызға ақша бердім. Оған 170 мың теңге бердім. Кейін бәрі арыз жаза бастағанда, мен де жаздым. Жай қарызға сұрады, маған ештеңе уәде етпеді. 170 мың теңге, ол ақшаны әлі қайтарған жоқ. Бұл соманы өндіріп алудан және бұдан әрі сотқа қатысудан бас тартамын. Жолмановаға ешқандай шағымым жоқ. Азаматтық талап қоюдан бас тартамын", - деді жәбірленуші Қазбек Нұрахметов.

Тағы бір куәгер Ерасыл Кәкенов Светлана Жолманова оған пәтер сатып алуды ұсынғанын айтты.

"Басында Жолманованың анасын емдеп жүрдім, система қойдым. Кейін Светлана Жолмановамен таныстым, оған да система қоя бастадым. Ол Медеу ауданының сотында жұмыс істейтінін айтты. Мен пәтер сатып алғым келетінін білді. Ол пәтер сататынын айтты. Түгел деген апайдың пәтерін сатып алдым. Оның тегін ұмытып қалдым. Барлығы нотариус арқылы, орнымен. 16 миллион теңгеге сатып алдым. Өзім ипотека төледім, жақында қарызыма байланысты пәтерді саттым. Ақша Түгел тәтеге берілді. Жолмановаға ақша берілмеді", - деді куәгер.

Тағы бір куәгер Жолмановамен 20 жылға жуық дос болғанын айтты. Әйелдің сөзінше, сіңілісі 20 миллион теңге несие алып, айыпталушы Жолмановаға берген.

"Светлана несиені жаппады, сіңілім менен сұрады. Светлана бәрін қайтаратынын айтты, сәл күту керегін жеткізді. ...Сомасы 20 миллион теңгеден асады", - деді куәгер.

Өз кезегінде куәгер Ердан Тағаев Светлана Жолманова одан 137,6 миллион теңге қарыз алып, қайтармағанын мәлімдеді. Ол ақшаны екі ай ішінде қайтаруға уәде берген.

"2021 жылы ол менен 137 миллион 600 мың теңге қарызға алды. Ол маған таныстарым арқылы келді, танысым ақша беруімді өтінді. Ол екі айға деп алды. ...Ол екі ай ішінде барлық ақшаны қайтаратынын сенімді түрде айтты", - деді ер адам.

Бұл іс бойынша тергеу барысында қылмыстық әрекеттің 48 эпизоды анықталып, олар бір іске біріктірілген. 

Айта кетейік, 2021 жылдың 28 сәуірінде Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманова алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Тінту кезінде судьяның кабинетінен 10 мың доллар тәркіленген. Ол сот шешімдерін белгілі бір адамдардың пайдасына шығаруға көмектескен деген күдікке ілінді.

29 сәуірде Жоғарғы сот төрағасының өкімімен Светлана Жолманованың өкілеттігі тоқтатылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар