Заңгер жер дауын ұшықтырып отырған сыбайластың топтың құрамын жария қылды

Dalanews 30 сент. 2020 11:06 1012

Заңгер Бақытжан Базарбек жер мәселесінде жемқорларға жем болып, зардап шекпеудің жолын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

 Заңгер бұдан бөлек әкім мен жер комиссиясының заңсыз шешімдерін бұзудың жолын да түсіндіріп өткен екен. Маманның ой-пікірін қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

...

Жер комиссиясының материалдарын қалай алдыртуға болады?

Көп азаматтарымыз жемқор шенеуніктерінен кесірінен жерсіз қалып, жерінен айрылып, әкім мен жер комиссиясының заңсыз шешімдерін бұзудың жолын білмей отырады.

Жер комиссиясының шешімін бұзуға болады және бұзу үшін жер комиссиясы материалдарын алу қажет.

Яғни, жер комиссиясының заңсыз шешімі қолыңызда болу керек. Оны қалай алуға болады.

Біріншіден, әкімдік жер комиссиясында сіздің арызыңызды қарап теріс қорытынды шығарса, онда ол теріс шешімнің көшірмесін алуға құқығыңыз бар.

Сіздер жер комиссиясының жұмыс органы болып есептелетін - әкімдіктің жер қатынастары бөліміне арыз бересіз және арызға сәйкес, олар 1 жұмыс күні ішінде комиссияның шешімінің көшірмесін сізге береді.
Егер де, жер қатынастары бөлімі мамандары жер комиссиясы материалдарын бермесе, уақытында беретін құжатын созып алса, мұндай жағдайларда сіздер прокуратура органдарына, сол сияқты мемлекеттік қызмет істері саласында уәкілетті органдарына арыздануыңызға болады.

Екіншіден, сіздер жер комиссиясы жиналысының аудио және видео жазбаларының көшірмесін дискке көшіріп алуға құқығыңыз бар. 2018 жылы 04 желтоқсанда қабылданған #490 Ережеге сәйкес, жер комиссиясының аудио және видео жазбалары арыз берген күннен бастап 5 жұмыс күнде сізге беріледі. Ол үшін де, жер қатынастары бөліміне арыз беріп алдыртуға болады.
Егер де, жер қатынастары бөліміне арыз беріп сізге жер комиссиясының қорытындысы мен аудио және видео жазбаларын бермесе, жасырса, арызыңызға жауап бермесе, мұндай жағдайларда прокуратура органдары, не болмаса мемлекеттік қызмет істері саласында уәкілетті органдарына арыз беріңіз. Менің электрондық поштама жіберіңіз. Лауазымды тұлғаны жазаға тартамыз.

Үшіншіден, жер комиссиясының материалдарын жергілікті атқару органның уәкілетті органы яғни тиісті аудан, қала әкімдігінің жер қатынастары бөлімі өзінің интернет порталында жариялауы тиіс. Сол интернет порталдан тиісті жер комиссиясының хаттамасын көшіріп алуға мүмкіндігіңіз болады.

Төртіншіден, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің конкурс нәтижесінде рәсімделген хаттамалары Ауыл шаруашылық Министрлігінің Жер ресурстарын басқару Комитетінің интернет порталында жарияланады.

Сол порталдан өзіңіздің ауылшаруашылық жерлерді жалға беру конкурс нәтижесіндегі хаттамаларын көшіріп алып, жер комиссиясының хаттамасын заңсыз деп тануға қатыста сотқа арыз бере аласыз.


Менің ақылымды назар аударып тыңдасаңыздар, жемқор шенеуніктерге жем болмайсыздар.

Жерді оңды солды бере берген жемқорлармен күресіп, халыққа қызмет ету, халқымның жерге қатысты құқығын түсіндіріп, құқығын қорғап, көзін ашу, мен үшін үлкен сауапты іс.

Сыбайластар: олар кім? 


Бұдан бұрын zanmedia.kz-ке сұхбат берген заңгер жердің төңірендегі дау-дамайда ұйымдасқан сыбайлас топ бар деп мәлімдеген.

«Заңсыз алынған жерін қайтарып бергеніңіз үшін Еңбекшіқазақ ауданындағы Асысаға ауылы тұрғындарының алғыс айтқанын естідік. Жалпы облыстардағы жағдай қалай?», – тілшінің сауалына Бақытжай Базарбек былай деп жауат қатқан еді.

– Əр өңірде жергілікті əкімдіктің шенеуніктері, прокурорлар мен жер инспекциясы басқармаларының қызметкерлерінен құралған ұйымдасқан сыбайлас топ бар деп айтсам, қателеспеймін.

Мысалы, БҚО-да Шыңғырлау аудандық жер комиссиясының мүшесі тендер жеңімпазы болып танылған. Осы өңірдегі Бəйтерек ауданында өткізілген лоттың жеңімпазы аудан əкімінің орынбасары жер комиссиясы төрағасының туған ағасы болып шыққан. Бұл «Сыбайлас жемқорлық туралы» заң талаптарының өрескел бұзылуы деп білемін. Ал Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Асысаға ауылының маңындағы 10 мың 500 гектар жер, соның ішінде жайылымдық жерлер де бар, бір отбасының – əкесі, қызы, екі қарындасы, əйелі, інісі, күйеу баласының меншігіне өтіп, малмен күн көріп отырған жергілікті халықтың наразылығын тудырған.

Нəтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарының араласуымен Алматы облысы бойынша жерді қорғау жəне пайдалануды бақылау басқармасы аудан əкімінің бірнеше қаулысын заңсыз деп танып, 6500 га жер Асысаға халқының игілігіне қайтарылды.

Нұр-Сұлтан қаласындағы нүктесі қойылған үлкен жер дауы халықаралық жанжалдың алдын алды. Сөйтіп, оңтүстіккореялық «Megagen» компаниясының инвестициясына бес жұлдызды кешенді қонақ үй салуды көздеген астаналық кəсіпкердің жер телімі игерілмеуіне байланысты мемлекет мұқтажы үшін алып қою мақсатында Жер кодексінің 92, 93-баптары бойынша сотқа шағым түсірген жергілікті шенеуніктердің заңсыз іс-əрекеті жүзеге аспады.

 

Нотаруисқа сенудің қажеті жоқ 

Сондай-ақ ол жерді сатып алар алдында нотариусқа сенудің қажеті жоғын айтқан.

“Ол (нотариус, ред.) тек қана жердің заңдастырылғанын жəне нақты бір шектеудің, қамаудың қойылмағанын, тазалығын тексереді. Ал, бұл жерге үй салуға бола ма, санитарлық қорғау аймағына, су қорғау аймағына, қызыл белдеуге кірген бе, ертең мемлекет қажеттіліктері үшін алып қоймай ма, əуежай аймағындағы немесе мұнай-газ құбырының маңындағы жер ме деген сұрақтарға нотариус жауап бермейді, ондай мəселелерді тексермейді де. Нотариус тек бұл мəмілені растап, куəландырып жібереді.

Ертеңгі зардабын сатып алған адам тартады. «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңның 9, 12-баптарына сəйкес, жер сатып алатын азамат əртүрлі ақпаратты адвокат жалдап немесе өзі тікелей сататын адам арқылы алдыртуға құқығы бар. Ақпаратты алып, көзі жетіп, растағаннан кейін ғана жерді емін-еркін сатып алуға болады. Егер азаматтар нотариусқа сеніп, тексермей, сатып ала берсе, ертең оның қауіп-қатер тəуекелін өз мойнына алады.

Заңгерлерге, адвокаттарға, зардап шеккен азаматтарға тағы бір айтарым – заң бұзушылық орын алса, құқығы бұзылса, сотқа бармас бұрын дəлелдемелерді жинап алу керек. Жинап болған соң оны сараптау қажет. Қай құжатты ұсынуға болады, қайсысын болмайды, соны анықтап алу керек. Сот отырысына құрқол келуге болмайды, қарсы тараптың кінəсін тек қана құжаттармен, заңмен нақты дəлелдеп қана əділдікке қол жеткізе аласыздар. Ал, сотта, прокуратура жүйесінде
əділдік жоқ деп айқайлап, бос сөзбен ештеңені дəлелдей алмайсыз. Себебі сот, прокуратура, адвокаттар, заң шығару жүйесі, үкімет барлығының ортақ мақсаты – азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет құру. Құқықтық мемлекетте барлығымыз үлкен қала
тұрғызып жатқандаймыз, əрқайсысымыздың қолымызда бір-бір кірпіш бар. Сондықтан, бұл кірпішті қалаған кезде, əрбір адам өзінің ойын салмақтап, саралап жеткізе білу керек. Ал, қоғамның шырқын бұзу, бос дүрліктіру жағымсыз іс деп есептеймін. Егер бір прокурор немесе əкімнің заңсыз іс-əрекеті орын алса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне, Президентке, прокуратураға хат жазуға, БАҚ-қа шығаруға, сотқа шағым беруге болады.

Рекомендовать
Последние новости