Автомобиль жолдары саласындағы маман тапшылығын қалай жоюға болады?

Dalanews 30 сент. 2020 07:02 887

Өткен жылы құрылған «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК жол саласына қатысты проблемаларды зерделеп, оларды шешу бағыттарын айқындады. Бұл орталықтың мақсаты – жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ материалдардың сапасын сараптау болғандықтан, осы жұмыстарды атқару үшін жан-жақты даярлықтан өткен мамандар қажет. 

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Бас директоры Замир Сағыновтың айтуынша, орталық  оқушылар арасында кәсіби бағдарлау жұмысын жүргізіп, жол жөндеуші мамандығы туралы, осы кәсіптің артықшылықтары мен келешегі туралы мектеп түлектеріне толық ақпарат беру шараларын бастаған.

Егер бұрын аймақтық зертханалар республикалық жолдардың сапасын тексеріп, оның кемшіліктерімен күрессе, қазір құрылған орталық барлық жалпыға ортақ жолдарды, соның ішінде жергілікті жолдарды тұтас қамтиды.

Орталық әлемдік деңгейде қалыптасқан стандарттарды кеңінен енгізуде.

– Осылайша, мейлінше білім ордаларын көп қамту мақсатымен «1000 мектеп» акциясы қолға алынды. Бұдан басқа, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы болашақ автожол саласы мамандарын дайындайтын, еліміздің колледждерімен және ЖОО-лармен де белсенді жұмыстар жүргізеді. Бұл шара аясында 715 мектеп, 12 ЖОО, 17 колледж қамтылды. Қазір ZOOM және Instagram тұғырнамасында, онлайн-негізде бұл шаралар тоқтаусыз жалғасуда, – дейді Замир Сағынов.

Мұнан өзге, студенттерге ақы төленетін практикадан өтулеріне мүмкіндік жасалған. Жаз бойы орталықта 45 студент атқарған еңбектеріне қарай ақысын алып, теориялық білімдерін нақты жұмыспен ұштастырып, тәжірибеден өтті.

Осындай нақты шаралар арқылы автомобиль жолдары саласында білікті маман тапшылығын жою жұмыстары басталды.

– Қазіргідей ақпараттық технологиялар мен жаппай цифрландыру заманында жастарға жүктелер жауапкершілік те зор. Сондықтан, жастарымыз бағындыратын жаңа технологиялар жолдың сапасын жақсартуға, оның жағдайын бақылауға, өзгерістерді көруге, трафик ағынын басқаруға, сонымен қатар талдау жасауға мүмкіндік бермек, – дейді Орталық басшысы.

Жолдың сапалы салынуы, мұқият және стандарттарға сай жөндеуден өткізілуі, түптің түбінде – адам өмірін, әсіресе сәбилердің, мектеп оқушыларының өмірлерін сақтап қалуға әкелетінін естен шығармау қажет. Мұның бәрі халықаралық деңгейде қабылданған биік талаптар, ал оларды мүлтіксіз орындау – тек жолшылар парызы ғана емес, сол жолды пайдаланатын автомобиль жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің де міндеті.

Рекомендовать
Последние новости