Мейіржан Төребаев бостандыққа шығып, отбасына оралды

Dalanews 23 мар. 2026 00:09

Қазақстандық танымал вайнер әрі актер Мейіржан Төребаев бостандыққа шығып, отбасымен қауышты. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде таралып, көпшілік арасында қызу талқылануда, деп хабарлайды Dalanews.kz

Бостандыққа шыққаннан кейін ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жақындарымен қауышқан сәттен видео жариялап, оған: «Басқаларға махаббатыңды бере білу. Ең қарапайым сәттерден қуаныш пен ләззат табу» деген жазба қалдырған. Желі қолданушылары бұл сәтті жылы қабылдап, түрлі пікір білдіруде.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 10 ақпанында Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Азимжан Саидбаев қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша күдікке ілінген еді. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар Mudarabah Capital қаржы пирамидасын жарнамалап қана қоймай, оның қызметінен табыс тапқан деген айып тағылған.

Алайда Төребаев өз кезегінде видеоүндеу жасап, өзін де жәбірленуші ретінде таныстырып, аталған қаржы пирамидасынан ешқандай пайда көрмегенін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл ұйым туралы 2020 жылы-ақ ескерту жасағанын да айтқан.

2022 жылдың 20 сәуірінде Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қамауға алынып, ал 2023 жылдың 23 маусымында сот үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Айта кетейік, 2025 жылдың 3 шілдесінде Мейірхан Шерниязовтың да мерзімінен бұрын бостандыққа шыққаны хабарланған болатын.

Қазіргі уақытта Мейіржан Төребаевтың алдағы жоспары белгісіз. Дегенмен, оның шығармашылық қызметке қайта оралуы мүмкін екені айтылуда.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove