Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жолдары — маман кеңесі

Қаракөз Амантай 20 мар. 2026 16:13

Елімізде жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей тұр. Неге өрімдей жастар өмірімен қоштасуға асығады? Тығырыққа тірелген жеткіншектің жан айқайын қалай естуге болады? Жасөспірімнің тұйықталуы - өтпелі кезеңнің белгісі ме, әлде қауіптің дабылы ма? Психолог маман суицидтің нақты белгілері мен алдын алу жолдарын Dalanews.kz редакциясына баяндады.

Психолог Лимана Қойшиева мұндай жағдайларда ата-ананың рөлі ерекше маңызды екенін айтты.

“Ең бастысы ата-ана баланы кінәламай, оны мұқият тыңдай білуі керек. Бала өз ойын ашық айту үшін өзін қауіпсіз сезінуі керек”, - дейді ол.

Оның айтуынша, көптеген ата-ана баланың күйзелісін жай ғана өтпелі кезең деп қабылдап, ұрсып не жазалап жатады.

“Мұндай әрекеттер жағдайды жеңілдетпейді, керісінше оны ушықтыруы мүмкін”, - деп қосты психолог.

Маман баланың өзін қауіпсіз ортада сезінуі аса маңызды екенін айтады.

“Ата-ана баламен ашық сөйлесіп, қажет болса мектеп психологына немесе басқа да кәсіби мамандарға жүгінгені дұрыс”, - дейді ол.

Қойшиева ата-аналарға балаларымен көбірек уақыт өткізудің маңызын да атап өтті.

“Бірге кино көру, кітап талқылау, немесе жай ғана серуендеу - осындай қарапайым дүниелердің өзі баланың ашылуына көмектеседі”, - дейді ол.

Оның айтуынша, суицид тақырыбынан қашпау керек.

“Бұл жөнінде сөйлескенде баланың сезімдерінің маңызды екенін көрсету қажет”, - дейді маман.

Сондай-ақ психолог бала мен ата-ананың қарым-қатынасына ерекше мән береді.

“Балаңызбен сөйлескенде оның деңгейіне түсіп, тең дәрежеде сөйлесіңіз. Жоғарыдан сөйлегендей емес, жанына отырып әңгімелесу қауіпсіздік сезімін береді”, - деп түсіндірді ол.

Осы тұста ол сұрақтарды да жұмсақ қою маңызды екенін ескертті.

“Мәселен, “кейінгі уақытта өзіңді шаршаңқы сезініп жүргендейсің” немесе “мүмкін мен саған жеткілікті көңіл бөлмей жүрген шығармын” деген сөздер баланың ашылуына ықпал етеді”, - дейді ол.

Маман ата-ана мен бала арасындағы сенім күнделікті қарым-қатынастан қалыптасатынын алға тартты.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove