Оқушылар арасындағы суицидтік мінез-құлық: мектеп ұжымы нені ескеру керек?

Қаракөз Амантай 20 мар. 2026 17:38

Баланың психологиялық жағдайы тек отбасыға емес, мектептегі ортаға да тікелей байланысты. Мамандардың айтуынша, білім ордасында бала өзін қауіпсіз әрі қолдау барын сезінуі керек. Осы тұста психолог мектепте баламен жұмыс істеудің негізгі қағидаларын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Маманның сөзінше, баланың жағдайын толық түсіну үшін мектеп пен ата-ана арасында ашық байланыс болуы қажет. Қиындықтар байқалса, оны бірге талқылап, шешім іздеу маңызды.

“Мектеп - баланың екінші үйі. Сондықтан оның психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету - тек бір маманның емес, бүкіл мектеп ұжымының ортақ жауапкершілігі”, - дейді психолог Лимана Құттыбекқызы.

Оның сөзінше, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу дер кезінде қолдау көрсетуден және дұрыс қарым-қатынастан басталады. Сондықтан ол балалардың ішкі күйіне құрметпен қарауға шақырды.

“Әр оқушы - жеке тұлға. Оның пікірін тыңдап, эмоциясын жоққа шығармай тыңдай білу маңызды. Сенім бар жерде ғана бала ашылады. Ал бала ойын еркін айта алса, қиындықтарын жасырып қалмайды”, - деп қосты психолог.

Маман мінез-құлықтағы өзгерістерге бейжай қарамауға үндеді.

“Тұйықталу, көңіл күйдің жиі өзгеруі, қызығушылықтың төмендеуі - көмек қажет екенін білдіреді. Мектеп психологтары тек мәселе туындағанда емес, алдын алу бағытында тұрақты жұмыс істеуі керек”, - деп толықтырды ол.

Айтуынша, буллинг балалардың психологиялық жағдайына әсер ететін негізгі факторлардың бірі. 

“Мектеп ұжымы мұндай жағдайларды ерте анықтап, оқушылармен жиі сауал жүргізіп отыруы керек”, - дейді ол.

Маман қазіргі таңда мектеп психологтарының рөлі артып келе жатқанын алға тартты.

“Бірақ көп мектепте бір психологқа жүздеген оқушыдан келеді. Бұл әр балаға көңіл бөлуге мүмкіндік бермейді”, - деп қосты ол.

Осыған байланысты сарапшы жүйелі өзгерістер қажет екенін атап өтті.

“Психологиялық қызметті күшейту үшін мамандардың жүктемесін азайтып, алдын алу бағдарламаларын көбейту керек”, - дейді  Құттыбекқызы.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove