Қызылорда облысында өз есепшотын үшінші тұлғаларға берген 5 азамат қылмыстық жауаптылыққа тартылды, деп хабарлайды Dala News.
Олардың бірі жеңіл табыс табу мақсатында банк есепшотын 20 мың теңгеге бөгде адамдарға пайдалануға беріп, дроперлікпен айналысқан. Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл алды.
Прокуратура мәліметінше, дроперлер алаяқтық схемаларда делдал ретінде әрекет етеді — заңсыз ақша қабылдап, оны басқа шоттарға аударып немесе қолма-қол шешіп береді.
Заң бойынша мұндай әрекет үшін айыппұлдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар, егер азамат заңсыз схемаға қатысқанын өз еркімен хабарлап, тергеуге көмектессе, қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.
Прокуратура тұрғындарды өз банк деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды.
