Соғыстың Каспийге жеткені Қазақстанды алаңдата бастады

Көркем Алдабергенова 20 мар. 2026 13:09

Израиль армиясы кеше Каспий жағалауындағы Бандар-Анзали ауданында Иран әскери-теңіз нысандарына соққы жасады. Соғыс тұңғыш рет Каспийге қарай ауысып отыр. Осы уақытқа дейін Иран үшін негізгі әскери-энергетикалық қысым Парсы шығанағы, Ормуз бұғазы, Хузестан, Бушер, Бандар-Аббас бағыттарында болған еді. Түнгі соққылар Каспийдің “тыныш айлақ” статусын шайқалтып отыр. Қазақстан үшін Каспий экспорт, логистика, транзит, порт инфрақұрылымы, экология және геосаяси тепе-теңдік тоғысқан ең маңызды экономикалық кеңістік.

Астана шұғыл консультациялар бастайды, дейді DALA INSIDE дереккөзі. Каспий теңізі әскери ұрыс алаңына айналса, Қазақстанның халықаралық транзиті, мұнай-газ экспорты мен теңіздің экологиясы үлкен қауіп төніп тұр. Транскаспий халықаралық көлік бағдары, яғни Орта дәліз соңғы жылдары Қазақстанның басты геоэкономикалық үмітіне айналған еді. 2025 жылы осы маршрутпен 4,12 миллион тонна жүк тасымалданып, шамамен 77 мың контейнер өткен. Ресейге санкция салынғаннан кейін, Қазақстан Транскаспий арқылы Еуразияның басты транзиттік коридорын құрып жатқан болатын. Үлкен инвестициялық жобалар мен жоспарлар жасалып қойылған. Каспий теңізіндегі кемелерге соққы жасала бастаса, Транскаспий тасымалы уақытша тоқтауы мүмкін.

Онымен бірге, Қазақстан 2025 жылы Ақтау порты арқылы танкерлерге 3,2 миллион тонна мұнай тиеп берген. Оның ішінде Баку–Тбилиси–Жейхан бағытына 1,2 миллион тонна жіберді. Осы арқылы Қазақстан КТК құбырына деген тәуелділікті азайтуға күш салған. Каспийдегі әскери эскалация осы балама маршруттың бағасын өсіріп, техникалық және коммерциялық тұрақтылығын әлсіретеді. Оның үстіне, ҚазМұнайГаз былтыр Ақтау–Баку бағытының өзінде технологиялық шектеулер мен тасымал үзілістері болғанын жасырмай мәлімдеген еді. Соғыс факторы қосылса, бұл маршруттағы әрбір тонна мұнайдың құны мен тәуекелі одан сайын артады.

Ормуз бағыты бұзылғаннан кейін Каспий Иранмен халықаралық сауда үшін қауіпсіздеу бағыт ретінде қарастырыла басталған еді. Ресей астығын Иранға осы теңіз арқылы жөнелткен. Яғни Парсы шығанағы жабылған сайын Каспийдің экономикалық маңызы өсе түсті. Бірақ дәл сол сәтте Бандар-Анзалиге соққы жасалуы Каспийдің де қауіпсіз емес екенін көрсетті. Бұл халықаралық инвесторлардың Транскаспий жобасынан үрке бастауына алып келуі мүмкін.

«Астананың қолында тек дипломатиялық рычагтар бар. Ол соғысқа араласа алмайды. Бірақ Сhevron мен ExxonMobil лоббиі арқылы Вашингтонға шығып, ЦАХАЛ-дың Каспийге тиіспеуін сұрайтыны анық. Өткенде Украина КТК инфрақұрылымына тиісе бастағанда дәл осы механизмді қолданған болатын. Және одан нәтиже болды», - дейді, дереккөз.

DALA INSIDE бұл маңызды жағдайды бақылап отырмақ.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove