Лудомания дертінің белгілері қандай және оған кімдер бейім келеді? Сарапшы түсіндірді

Қаракөз Амантай 18 мар. 2026 17:05

Құмар ойындарына салыну ХХІ ғасырдың қауіпті індетіне айналды. Көпшілік бұны уақыт өткізудің бір түрі деп ойлауы мүмкін. Алайда мұның соңы адам өміріне елеулі әсер ететін тәуелділікке ұласып жатады. Лудомания қалай қалыптасады, оның алғашқы белгілері қандай және оған кімдер бейім келеді? Бұл жайында психиатр-нарколог Сапар Рахменшеев Dalanews.kz редакциясына пікір білдірді.

Сапар Рахменшеевтің сөзінше, «ойынқұмарлық» өте күрделі әлеуметтік әрі психологиялық мәселелердің бірі.

«Мысалы, жүз адам ойын ойнаса, сол жүзінің бәрі бірдей лудоман, яғни тәуелді болып кетеді деген сөз емес. Оның шамамен сегізі тәуелділікке ұрынуы мүмкін», – дейді ол.

Маманның пікірінше, тәуелділікті дер кезінде анықтау маңызды.

«Біріншіден, тәуелді болған адамның мінез-құлқы өзгере бастайды. Ондай адамдар өтірік айтады, үйден ақша жоғала бастайды, жиі ақша сұрайды. Көбінесе үйге келмеуге тырысады. Осындай белгілер арқылы оның ойынқұмарлыққа тәуелді бола бастағанын байқауға болады.

Жалпы, ойынқұмарлық пен есірткіге тәуелділіктің ұқсастығы бар. Мысалы, адам ойын кезінде ақша тігіп, ұтқан кезде ерекше қуаныш сезімін бастан кешіреді. Сол сәтте организмде эндорфиндер, яғни «қуаныш гормондары» көп бөлінеді. Адам осы күйді қайта-қайта сезінгісі келіп тұрады. Сондықтан ол үнемі сол әсерді іздейді. Ойын кезінде ақша тігу, рулетканың айналуын бақылау –мұның бәрі оған ерекше сезім сыйлайды. Адам дәл осы сезімді қайтадан сезіну үшін ойынға қайта оралады», – дейді психиатр-нарколог.

Сапар Рахменшеев екі жағдайда да тәуелділік ішкі гормондық өзгерістермен байланысты қалыптасатынын атап өтті. Айтуынша, тәуелділік тереңдеген сайын адамның өмірі өзгере бастайды.Мәселен, ол қарызға батады, достары мен туыстарынан ақша сұрауды әдетке айналдырады.

«Қарыз көбейген сайын оны іздеген адамдар үйіне келіп, ата-анасынан, әйелінен, балаларынан сұрай бастайды. Бұрын өтірік айтпайтын адам болса, енді өтірік айтуы жиілейді. Сонымен қатар ұйқысы бұзылып, мазасызданып, ашушаң бола бастайды. Бұл – алғашқы негізгі белгілері», – деп қосты ол.

Сарапшының сөзінше, ойынқұмарлыққа көбіне тез әрі оңай ақша тапқысы келетін адамдар бейім келеді.

«Мысалы, адам мың теңге тігіп, бір рет он мың теңге ұтып алса, кейін әр ойнаған сайын сол ұтысты көбейтемін деп ойлайды. Шын мәнінде, ол ақша тігіп жатқан кезде «мен ұтылып қалуым мүмкін» деп емес, «қазір жүз мың теңге ұтып аламын» деген үмітпен ойнайды. Осылайша адам өзін өзі алдап, біртіндеп қарызға батып, қиын жағдайға тап болады.

Жалпы, өзіне немқұрайлы қарайтын, жауапкершілігі төмен адамдар бұл тәуелділікке жиі ұрынады. Бұрын ойынқұмарлық көбінесе казиноға барумен байланысты болса, қазіргі XXI ғасырда жағдай мүлде өзгерді. Қазір адам үйден шықпай-ақ, қолындағы смартфон арқылы онлайн-казиноға тіркеліп, ақша тігіп ойнай береді. 

Қазіргі таңда ойынқұмарлыққа қарсы заң да қабылданды. Бұрын мұндай ойындардың жарнамасы өте көп болатын, ал қазір бұл бағытта белгілі бір шектеулер енгізіліп жатыр», – деп сөзін түйіндеді ол.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove