Ломбард қарызы банкроттыққа кедергі болмайды

Самал Асқар 20 мар. 2026 16:09

Қазақстанда 19 наурыздан бастап ломбард алдындағы міндеттемелер соттан тыс банкроттық рәсімінде есепке алынбайды, деп хабарлайды Dala News.

Жаңа өзгерістер азаматтардың банкроттық рәсімін қолдану мүмкіндігін кеңейтеді.

Бұған дейін заң бойынша соттан тыс банкроттыққа өтініш беру үшін азаматтың банктер, микроқаржы ұйымдары немесе коллекторлар алдындағы қарызы бойынша кемінде 12 ай төлем жасалмауы қажет болатын.

Алайда ломбардтардың қызметі өзгеше: берілген қарыз толық кепілмен қамтамасыз етіледі. Қарыз өтелмеген жағдайда, олар кепілдегі мүлікті өздері сатады. Осы себепті төлемсіз мерзім 12 айға жетпей, азаматтарға банкроттық рәсімінен бас тарту жағдайлары жиі кездескен.

Енді енгізілген түзетулерге сәйкес, ломбард алдындағы қарыздар бойынша төлемсіз мерзім есепке алынбайды.

Бұл өзгеріс қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға көбірек мүмкіндік береді.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove