Астанада Щучинскідегі дәмханада болған жарылыстан кейін Қазақстанда газ баллондарын өз ішінде өндіру мәселесі күн тәртібіне шықты, деп хабарлайды Dala News.
Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, елде қолданылып жүрген көптеген газ баллондарының мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен.
«Көп жағдайда 30–50 жыл пайдаланылған баллондар қолданылып жүр. Олардың тексерісі де 10–20 жыл бұрын өткен. Бізде мұндай баллондарды өндіретін кәсіпорындар жоқ», – деді ол.
Осыған байланысты Үкімет Премьер-министрдің тапсырмасымен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне «Қазақстан инжиниринг» компаниясымен бірге ел ішінде сұйытылған газ баллондарын өндіруді жолға қоюды жүктеді.
Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігі газ баллондарын пайдалану қауіпсіздігін қатаң бақылауға алады.
Бозымбаевтың сөзінше, Щучинскідегі трагедияға қауіпсіздік талаптарының сақталмауы және мерзімі өткен баллондарды пайдалану себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
