Әлемдік бестселлерлер енді қазақ тілінде қолжетімді

Dalanews 30 сент. 2020 11:22 902

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қалай жүзеге асып жатыр? Қолжетімділігі қалай? Қаншалықты сұранысқа ие? Осы тақырыптар бойынша «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен елордада баспасөз туры өтіп, сарапшылар мен мамандардың талқысына түсті.

          «Ұлттық аударма бюросының» мәліметі бойынша, 2017-2018 жылдары 47 оқулық қазақ тіліне аударылып, еліміздегі 132 университетке жеткізілген. Жаңа оқулықтар 2018-2019 оқу жылынан бастап жоғары білім беру жүйесіне енгізілді. 2019-2020 жылдары үшінші лектегі 30 оқулық аударылып басылды.

Олар да жақын уақытта университеттерге таратылмақ. Сондай-ақ, аталмыш бюроның атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, барша қауымға қолжетімді болуы үшін оқулықтардың электронды нұсқалары OpenU.kz платформасы мен Kitap.kz порталдарына орналастырылды.


«Әу баста аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныстар жиналып, жалпы саны 800-ден астам оқулықтың атауын тіздік. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген 100 оқулық таңдалды. Қазір жобаның төртінші кезеңіне таңдалған 23 оқулықты аудару процесі жүріп жатыр. Осы орайда, көпшіліктің пікірлері ескеріліп, соңғы аударылатын оқулықтардың қатарына Шығыс кітаптарын да көптеп қостық», - деді Рауан Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, аударылған кітаптарға қоғам қызығушылығы артқан соң Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы ірі кітап дүкендері арқылы сатылымға қойылған. Бұл жұмыстар жекеменшік баспалар арқылы ұйымдастырылып, мемлекет қаржысы шығындалмаған.

Айта кетейік, аударылған кітаптардың қатарында философия, психология, менеджмент, инновация, бизнес, медиа сынды салалар бойынша әлемдік бестселлерлер де бар. Атап айтсақ, Эрнст Гомбрихтің «Өнер тарихы», Юваль Ной Хараридің «Sapiens: адамзаттың қысқаша тарихы», Клаус Швабтың «Төртінші өндірістік революция», Филипп Котлердің «Маркетинг негіздері», Рикки У Грифиннің «Менеджмент» сынды кітаптары әртүрлі таңдаулы сыншылардың оң бағасын алған.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» департаментінің директоры Нұрлан Күнтуовтың пікірінше, Жоба аясындағы кітаптар еліміздің орталықтарында ғана емес, шалғай аймақтарда да сұранысқа ие.


Аймақтарға барғанымызда байқаймыз, бүгінде студенттер осы оқулықтармен сусындап, білім алып жүр. Әсіресе ауылдан келген жастарға жақсы – әлемнің үздік кітаптарын қазақ тілінде оқуға мүмкіндік алып отыр. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жемісті жобаларының бірегейі, - деді Нұрлан Күнтуов.

Рекомендовать
Последние новости