Қазақстан үкіметі тұрғын үйді сату-сатып алу нарығын ретке келтіруге кірісті. Жаңа талаптарға сәйкес, риелторлар өзін-өзі реттейтін ұйымдар арқылы жұмыс істеуге міндетті. Бұл жаңалыққа Қазақстан риелторларының біріккен ассоциациясының кеңесшісі Нина Лукьяненко пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Лукьяненконың айтуынша, риелторлық қызметті реттеу мәселесі мамандар тарапынан 2006 жылдан бері көтеріліп келеді. Бірақ ұзақ жылдар бойы бұл салаға мемлекет тарапынан назар аударылмаған.
“2009, 2012, 2016 жылдары риелторлар тарапынан түрлі бастама жасалды. Алайда нәтиже шықпады. Мемлекет біздің кәсібімізді заңдастыруға қолдау көрсетпеді және өзін риелтор деп атайтын адамдар үшін нақты ережелер қабылдауды қажет деп санамады. Бүгінгі күнге дейін бұл мамандық кәсіби квалификациялық анықтамаларда жоқ. 2021 жылы қабылданған “Риелторлық қызметтің ұлттық стандартында” бірыңғай реестр құру нормасы қарастырылғанымен, нақты реестр әлі іске қосылмады", - дейді ол.
Бағаға әсері
Сарапшы жаңа өзгеріс риелторлық нарықтағы бағаға қалай әсер ететіні туралы да сөз қозғады.
“Риелторлар комиссиясы көрсетілетін қызмет түріне, қызметтің сапасына және күрделілігіне байланысты белгіленеді. Біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан қызмет бағасын нарықтың өзі реттеуі тиіс. Тұтынушы өз талабына сай риелторды таңдап, қызмет құнын талқылауы қажет”, - дейді ол.
Сарапшы қазіргі таңда кәсіби емес адамдар риелтор атанып, саланың беделіне нұқсан келтіріп жатқанын атап өтті.
“Өкінішке қарай, халық жарнама беріп, объектіге ертіп апарған адамды да риелтор деп қабылдайды. Олар тұтынушылардың сенімін жоғалтады, әрі кәсіби риелторлардың атына кір келтіріп жүр”, - дейді маман.
Ол мұндай жағдайлардың туындауына нарықтың реттелмеуі себеп болғанын жеткізді.
“Қызмет құнының нақты бағаланбауы да осыдан. Ал кәсіби риелтор – түрлі деңгейдегі мәмілемен жұмыс істейтін, бизнес сатудан бастап, кепілді мүліктерге, иелері арасында даулы нысандарға дейін баратын, тапсырыс беруші мүддесін қорғап, күрделі міндеттерді орындайтын маман. Сондықтан қызмет бағасы да нақты тапсырмаға байланысты есептелуі тиіс”, — деп қосты ол.
Негізгі проблемалар мен шешу жолдары
Сарапшының сөзінше, жаңа талаптар нарықтағы тәртіпті күшейтіп, кәсіби риелторлардың мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді.
“Қазіргі таңда тұтынушы адал әрі кәсіби риелторды қалай табатынын білмейді. Себебі бұл салаға 70% адам кездейсоқ тап болады. Сондықтан теріс пікір қалыптасқан.
Егер нарықта нақты, реттелген ережелер енгізілсе, тәртіп орнап, мамандықтың мәртебесі көтеріледі. Бірден емес, әрине, бірақ кездейсоқ адамдардың кіруі айтарлықтай азаяды деп сенемін”, - дейді ол.
Сарапшының айтуынша, бұл ережелер шағын агенттіктер мен тәуелсіз мамандарға кедергі келтірмейді, керісінше, кәсіби дайындық пен жауапкершілікті арттырады.
“Негізгі проблема – кәсіпке кіру үшін ешқандай шектеу жоқ. Көп агенттік кез келген адамды жұмысқа қабылдай береді. Тұрақты жұмыс істейтін 20 % агенттік қана мұқият іріктеу жасап, қызметкерлерін оқытады.
Сол себепті өзін риелтор деп таныстырып, жоғары ақы сұрайтын адамның арнайы оқудан өтіп, біліктілік емтиханын тапсырып, реестрге енгізілгені дұрыс. Мәселен, заң талаптарына сай жұмыс істемесе, ол реестрден шығарылып, әрі қарай аталған қызметпен айналыса алмайды”, - деп атап өтті сарапшы.
Маманның айтуынша, қазір басты мақсат – риелторлық қызметтің заңды мәртебесін бекіту және нарықтағы ережелерді нақтылау.
“Қазақстандағы Риэлторлар өзін-өзі реттейтін қауымдастығы (САРК) нарықты реттеу нормаларын әзірлеуге белсенді қатысты. Біз өз тарапымыздан қажет ұсыныстардың барлығын бердік. Заң жобасын әзірлеушілер кәсіби мамандардың пікірін міндетті түрде ескергені дұрыс. Бұрын заң жобалары көбіне қызмет мәнін толық білмейтін адамдар тарапынан жасалатын еді", — дейді ол.
Оның сөзінше, риелторлық қызметті реттеу жүйесі дұрыс құрылған жағдайда этикалық кодексті сақтауда айтарлықтай қиындық болмайды.
“Басты мәселе – заң жобасының әрі қарай қалай әзірленетініне байланысты. Біріншіден, бұл мамандықтың бар екенін заң жүзінде мойындау қажет. 90-жылдардан бері риелтор қызметі іс жүзінде бар, бірақ заңда жоқ. Жоқ мамандыққа заң жазу да қисынсыз емес пе? Нарықтың оны әлі күнге дейін қажет етуі — бұл қызметтің керек екенін дәлелдейді.
Екіншіден, заң мен оған қатысты актілер дұрыс әзірленуі тиіс. Идеяның мәні қысқаша былай: риелтор атын еркін пайдалана беретін адамдар болмауы керек”, — деп қосты ол.
Сонымен қатар ол риелтор болғысы келетін адамдарға кеңес берді.
“Риелтор болғың келе ме? Онда міндетті түрде оқудан өт және біліктілік емтиханын тапсырып, қажетті білім деңгейіңді дәлелде. Риелторлардың өзін-өзі реттейтін ұйымына мүше бол. Онда ортақ ережелер, этикалық кодекс және қызметті реттеу механизмдері болады”, - деді ол.
Сонымен қатар ол риелторлар ұйымы әр өңірде бірнешеу болуы мүмкін, алайда оларды құруға қойылатын талаптар қатаң болуы шарт екенін де ескертті.
“Үш адам бірігіп ұйым құра салатын жағдай болмауы тиіс. Себебі өзін-өзі реттеу - бұл жүйе.
Егер риелтор қызметін сапасыз көрсетсе, клиент қауымдастыққа шағым бере алады. Этика нормасын бұзса, ұйымнан шығарылады. Ал бұл автоматты түрде реестрден шығарылып, кәсіби қызметін тоқтатуына әкеледі. Нарық осылайша өзі тазаланады.
Алда әлі көп жұмыс бар. Нақты құқықтық нормаларды дайындау, барлық тетікті пысықтау қажет. Ең бастысы “зиян келтірмеу” қағидаты сақталса екен”, — деп түйіндеді ол.
