Үржарлық кәсіпкер Өзбекстанға 130 тоннадан астам ет экспорттады

Dalanews 25 сент. 2019 11:47 877

Шығыс Қазақстан облысы ауылшаруашылығы, оның ішінде мал малшаруашылығын дамыту бойынша жоғары көрсеткіштерге ие.

Асыл тұқымды мал санын көбейту, өнімін экспортқа шығару бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып, қаржылық көмек көрсету шаралары да қолға алынған.

Осы ретте Үржарлық жеке кәсіпкер Мәулітбек Қалиевтың шаруа қожалығы бұған дәлел. Мәулітбек Қалиев асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударып отыр.


Кәсіпкер 2003 жылы жер алып, жеке қожалық құрады. Сол кезде небары 200 гектар жайылымы, 35 гектар егістігі ғана болған шағын шаруашылықтың ісі бүгінде оңға басып, алға өрлеуде.

Кәсіпкер іргесін қалаған қожалықтың аты "Алғабас" деп аталады.



"Ісіміз алға басып, атқарған еңбегіміздің жемісін жеу үшін ырымдап "Алғабас" деп қойдым. 2007 жылы «асыл тұқымды» мал фермасы мәртебесін алдық. Әрине, айтқан оңай. Анығында көптеген қиындықтарға кездестік. Соған қарамай бастаған ісімізді соңына дейін жеткізуді мақсат тұттық", – дейді кәсіпкер.

Бүгінде ол ангус пен шаролле тұқымдас ірі қара малдарды өсіріп, аудан экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосуда.

"2013 жылы мемлекеттің жәрдемімен Франциядан 226 бас «Шароле» асыл тұқымды малын әкелдік, оған қоса 475 бас «Ангус» асыл тұқымды ірі қара сатып алдық. Әзір ірі қараның санын көбейтуді көздеп отырмыз, қазіргі олардың саны 1300-ден асады", – дейді ол.

Мәулітбек Қалиевтің айтуынша, ол былтыр Өзбекстанға 130 тоннадан астам ет экспорттаған. Бүгінде бұл шаруа қожалықта жетпістен астам жұмыс істеуде.


Қой шаруашылығын асылдандыруды қолға алған шаруашылық қазіргі таңда 1228 бас «Байыс» деп аталатын асыл тұқымды қой өсіріп отыр. Қожалықта 1668 бас жылқы бар.

Науқан кезінде шаруашылықтағы жұмысшылардың саны 100-ге жетеді. Кәсіпкер олардың барлығы айлығын үзбей төлеп отыр. Қожалықтағы орташа айлық 60-70 мың теңгенің төңірегінде.

"Жалақы мәселесіне жауаппен қараймын. Қарамағымдағы жұмысшылардың отбасы, бала-шағасы бар. Сондықтан айлық мәселесі біздің қожалықта бірінші кезекте шешіледі. Бұдан бөлек белсенді жұмысшыларға сыйақы тағайындап, әртүрлі әлеуметтік көмек көрсетіп тұруға тырысамыз", – дейді Мәулітбек Қалиев.



Үржар аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Ерзатовтың айтуынша,  биыл Үржарлық шаруа қожалықтары малдарын Өзбекстанмен қатар Ресей мемлекетіне экспортқа шығармақшы.

– Ауданда мемлекеттің қолдауымен жыл сайын мал бордақылау алаңдары ашылуда. Үржардағы ең ірі «Алғабас» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңына ұсақ шаруалар біріктіріліп, шаруаларын дөңгелетіп жатыр. Асыл тұқымды малдар семіртіліп, кейбіреулерінің салмағы 450 келіге дейін жетеді, - дейді бөлім басшысы.

 

Әсем Жұмағалиқызы


Рекомендовать
Последние новости