Семей. Қазақ саханагері Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойына арналған театр фестивалі өтуде

Dalanews 21 сент. 2019 09:39 1419

Қазақ руханиятының орталығы саналатын Семей қаласында ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театр және кино актрисасы, Қазақстанның халық артисі, Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVII республикалық театр фестивалі басталды. Қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан актрисаның есімін ұлықтау мақсатында қолға алынған шараға Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдау көрсеткенін айта кетуіміз керек.

Фестивальдің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Театр және киноматография басқармасының бас сарапшысы Гүлнафис Мырзашева министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді.

Министр ханым өзінің үбу хатында «Бұл фестиваль бүкіл саналы ғұмырын ұлттық өнерге арнаған Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізілгендігімен ерекшеленеді. Қазақстан драма театрларының XXVII республикалық фестивалі отандық театрлардың үздік қойылымдары көрсетілетін, шығармашылық байқаулар мен бастамалар алаңына айналатына сенімдімін» деп ой қорытыпты.

– Өткенді ұмытпай, арғыдан келе жатқан дәстүрімізді жалғап, халыққа өнерімізді паш етсек біздің мақсатымыздың орындалғаны. Әмина апамызбен бірге жүрдік, бірге жұмыс істедік. Ұлы Шәкеннің досы еді. Екеуі қатар отырғанда елді күлкіге қарқ қылатын. Әмина – ұлы актриса, – деді фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Асанәлі Әшімов.

Шараға елімізге танымал актриса Меруерт Өтекешовамен БАҚ өкілдерінің арасында ашық пікір алмасуымен басталды. Жиын барысында сөз алған құрметті қонақ Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымының докторы, Асхат Маемиров:

– Әмина Өмірзақова театр және кино өнерінде жанр таңдамаған актриса. Қазіргі таңда өнер зерттеушілердің алдында үлкен мақсаттар жатыр. Атап айтсам, ол Әмина Өмірзақова туралы докторлық, магистрлік диссертация қорғау. Апамыздың театрдағы рөлдері өз алдына бір төбе, кинодағы образдары өз алдына бір төбе. Өткізілгелі отырған республикалық театр фестивальде классикалық әлемдік шығармалардан бастап, қазақтың Мұхтар Әуезов, Бердібек Соқпақбаев сынды тұлғалардың шығармасын сахнада сөйлететін болады, – деді.

Сонымен қатар ол Ермек Аманшаевтың, Бауыржан Жақыптың, Ерсайын Төлеубай сынды отандық авторлардың да шығармалары қатысатынын айтты. Шараға қатысқан театыр мамандары фестиваль Қазақстандағы театрлардың тыныс-тіршілігі, көркемдік деңгейін, тақырыптық тұрғыдан  қай бағытта өзгеріп жатқандығын бағдау үшін аса қажет екенін алға тартты.

– Қазір Қазақстан театрлары шетелге көптеп шығуда. Халықаралық аренада еңсесі биік абыройы үстем. Себебі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында бірнеше халықаралық деңгейде жобалар өткізіліп жатыр. Осы фестиваль да өз мақсатына жетеді. Семей театры кезінде үлкен театр болды. Қазір осы шаңырақта үш театр шығармашылық үндестікпен бас қосқан. Атап айтсақ, Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры, Достаевский атындағы орыс драма театры, «Дариға-ай» жастар театры. Сондықтан бұл жерде театр дәстүрі тамырын терең жайған деп есептеймін, – деді білікті театыр саласының білгір маманы.

Әмина Өмірзақованың қасиетті Семей топырағынан шығуы тегін емес. Өйткені, қазақ театрының түп тамыры, алғашқы театрланған қойылым М.Әуезовтің «Еңілік-Кебек» пьесасы негізінде Ойқұдық жайлауында көрерменге жол тартқан болатын.

Театр фестивалі қазылар алқасы құрамында Асанәлі Әшімов, Қазақтың «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров сынды білікті азаматтардан құралған.

Семей төрінде өтіп жатқан фестивальге еліміздің 12 театр ұжымы үздік қойылымдарымен қатысуда. Алты күн бойы Семей қаласының қонақтары мен тұрғындары фестиваль барысында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Ф.М. Достоевский атындағы орыс драма театры, Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры, «Nomad» театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры, «Дариға-Ай» жастар театры, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры, Шығыс Қазақстан облыстық драма театрларының қойылымдарын тамашалай алады.

DN-ақпарат

Рекомендовать
Последние новости