Сапарбаев аудан дәрігерлерін Англияға жіберген Шығыс Қазақстанды үлгі етті

Dalanews 25 сент. 2019 09:11 687

 ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев еліміздің индустриалды орталығы Шығыс Қазақстанға екі күндік жұмыс сапарымен келіп, облыс жұртшылығымен кездесті.

Бердібек Сапарбаев облыс орталығы Өскемен, Семей және Алтай қалаларында болып, әлеуметтік нысандарды аралады.

Сонымен қатар сапар барысының басты мақсаты – облыс жұртшылығымен Президент Жолдауында айтылған негізгі міндеттерді талқылап, басты мақсаттарын жеткізу. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік топ "Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндірді.

Осы ретте Семей қаласында өткен активте семейліктер жоғары белсенділік танытып, көпбалалы аналар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмек пен қолдауға өз ризашылықтарын білдірді.

Бердібек Сапарбаев өз баяндамасында атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, жұмыспен қамту, сапалы білім беру, несие, еңбекақының көтерілу мәселелеріне жете тоқталды.

Бердібек Сапарбаев Семей мен Алтай қалаларындағы бірқатар медициналық орталықтарда болып, облыстың озық медицина саласына өз бағасын берді.




Алтай қаласындағы Инсульттік орталықтың жұмысымен танысқан Бердібек Мәшбекұлы мұндағы дәрігерлердің жалақысына баса назар аударды.



- Қай кезде, аудан орталығының дәрігерлері Англияға барып тәжірибелерін шыңдап еді, қай кезде аудан орталығында копьютерлік томография болып еді? Денсаулық және басқа да салалар бойынша ШҚО жасап жатқан жұмысты қазір ешқандай облыс жасай алып отырған жоқ, - деді Бердібек Сапарбаев.



Сонымен қатар ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Өскемендегі «Роботтандырылған хирургия» орталығының жұмысымен танысты.



Орталықтағы «Роботтандырылған хирургия» кабинетін толық жабдықтауға 1 миллиард 900 мың теңге қаражат жұмсалған екен. Мамандардың түсіндіруінше, хирург роботты қашықтықтан басқарады.

Ал көмекшілері мен медбикелер манипуляторларды тиісті жерлерге орнатады, қажетті инструменттерді алмастырып отырады. Бұл жерде барлық жұмыс асқан дәлдікпен, кәсіби мұқияттылықпен жасалатыны айтпаса да түсінікті.



Үкімет басшысының орынбасары орталықтың жұмысы мен аталмыш кабинеттің жабдықталуына жоғары баға берді.



Сондай-ақ Бердібек Мәшбекұлы сөз арасында «мұздай қаруланған» мұндай әмбебап кабинет Өскеменнен бөлек Нұр-Сұлтан қаласында ғана бар екенін атап өтті.



Шығысқазақстандықтар Бердібек Сапарбаеты жылы шыраймен қарсы алып, облыс ақсақалдары мен зиялы қауымы ризашылықтарын білдіріп жатты. Жалпы, аймақта әлеуметтік көмек көрсету жұмысы алға қойылған, биылдың өзінде 300-ден астам көпбалалы отбасылар баспанамен қамтылды.

Әсем Жұмағалиқызы


Рекомендовать
Последние новости