ҰҚК көлік вице-министрі ұсталғанын растады

Сағыныш Сардарова 04 авг. 2025 09:59

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев ұсталғанын растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрін пара алды деген күдікпен ұстап, сот санкциясымен қамауға алды", - деп жазылған хабарламада.

Алдын ала болжам бойынша шенеунік ақшаны Ұлыбританиядағы ұлының оқуына жұмсаған. Тергеушілердің пайымынша, пара республикалық автожол құрылысына тех.бақылау жүргізген компанияларға жасалған қамқорлықтың өтеуі ретінде берілген.

Бұған дейін пара сомасы 78 мың долларды құрағаны туралы ақпарат тараған еді. 

Сәтжан Аблалиев жол саласының маманы, техника ғылымдарының кандидаты, 30-ға тарта ғылыми жұмыстың авторы. "Құрмет" ордені, "Ерен еңбегі үшін" және "Тәуелсіздікке 25 жыл" медалімен марапатталған. "Көлік саласының құрметті қайраткері" атағы және бар.

Ұзақ жыл көлік және жол құрылысы саласында лауазымды қызмет атқарып, СҚО әкімінің орынбасары болған. 2023 жылы қазаннан бастап көлік вице-министрі қызметін атқарып келген.

Қызметке келгесін бірқатар бастама көтеріп, Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының уақытын қысқартуды көздеген. Елдегі мыңдаған шақырым жолдың сапасын арттыруға арналған жобаларды қолға алып, халықаралық стандартқа сай жол қауіпсіздігін нығайту бағдарламасын енгізуді жоспарлаған болатын.

Аблалиев былтыр отандық әуе компаниялары домбыраны ұшақ ішінде тасуға тыйым салған кезде қоғам сынына ұшыраған. Ол ережені қайта қарауға уәде еткен еді.


Рекомендовать
Последние новости