Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев 78 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікпен тергеліп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алдын ала болжам бойынша, шенеунік әлгі ақшаны Ұлыбританиядағы ұлының оқуына жұмсаған. Тергеушілердің пайымынша, пара республикалық автожол құрылысына тех.бақылау жүргізген компанияларға жасалған қамқорлықтың өтеуі ретінде берілген.
Істің анық-қанығы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Тергеуді ҰҚК құрамына өткен жаңа жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізіп жатуы мүмкін.
Аблалиев жол саласына еңбегі сіңген белгілі маман, техника ғылымдарының кандидаты, 30-ға тарта ғылыми жұмыстың авторы. «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» және «Тәуелсіздікке 25 жыл» медалымен марапатталған. «Көлік саласының құрметті қайраткері» атағы және бар.
Ұзақ жылдар көлік және жол құрылысы саласында лауазымды қызмет атқарып, СҚО әкімінің орынбасары болған. 2023 жылдың қазан айынан бастап көлік вице-министрі қызметін атқарып келген.
Қызметке келгесін бірқатар бастама көтеріп, Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының уақытын қысқартуды көздеген. Елдегі мыңдаған шақырым жолдың сапасын арттыруға арналған жобаларды қолға алып, халықаралық стандартқа сай жол қауіпсіздігін нығайту бағдарламасын енгізуді жоспарлаған болатын.
Аблалиев былтыр отандық әуе компаниялары домбыраны ұшақ ішінде тасуға тыйым салған кезде қоғам сынына ұшыраған. Ол ережені қайта қарауға уәде еткен еді.
Қызығы сол, Аблалиев көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні ұсталып отыр.