Қазақстанда егістік алқаптарын жаппай жаулаған шегірткемен күрес аяқталды. Биыл зиянкестердің таралу аумағы өткен жылмен салыстырғанда біршама азайған. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыс оңай болған жоқ.
Болжам мен нақты нәтиженің арасындағы айырмашылық тағы да қосымша шығынға әкеп соқты. Сонымен шегіртке мәселесі Қазақстанға қаншалықты ауыр тиді, салаға жауапты ведомство бұл жағдайдан қандай сабақ алды? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткемен күрес жұмыстарының қорытындысын жариялады, деп жазады осы тұста Dalanews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, биыл 2,7 млн гектар жер өңделіп, зиянкестерге қарсы химиялық шаралар толық аяқталған.
Өткен жылы шегірткемен күреске 4,2 млрд теңге бөлініп, бастапқы болжам бойынша, 1,5 млн гектар аумақ өңделуі тиіс еді. Алайда болжамдар бірнеше рет өзгеріп, нәтижесінде 3,1 млн гектар жерді қамту үшін қосымша 3,9 млрд теңге жұмсалды. Сол кезде үнемделген 800 млн теңге қаражатқа дрондар мен өзге де арнайы техника алынған болатын.
Биылғы жылы дәл осы жаңа құрылғылардың көмегімен шалғай және жетуі қиын аймақтарда жұмыс едәуір жеңілдеген.
Дегенмен биылғы болжамда да қателіктер орын алды. Министрлік 2,1 млн гектар жерге қаражат жоспарлағанымен, өңделген аумақ тағы да болжамнан асып, 2,7 млн гектарға жеткен. Бірақ осы жолы үкімет резервінен қосымша қаражат алынған жоқ.
Министрліктің өсімдіктерді қорғау басқармасының басшысы Алмат Сүлейменовтің айтуынша, шығындар ведомствоның ішкі бюджетін қайта бөлу арқылы реттелген.
"Шегіртке тірі организм. Оның таралуы көптеген факторларға, соның ішінде ауа райы мен климатқа тікелей байланысты. Соңғы жылдардағы ыстық пен жоғары ылғалдылық зиянкестердің көбеюіне қолайлы жағдай жасады. Биыл күн белсенділігінің шарықтау шегіне жетуі де шегірткелер санының артуына ықпал етті", – деп түсіндірді Алмат Сүлейменов.
Министрлік келесі жылға нақты болжам жасауға асықпайды. Мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин өңделетін аумақ көлемі шамамен 2 млн гектар болатынын, алайда нақты көрсеткіш күзгі мониторингтен кейін белгілі болатынын атап өтті.
Соңғы жылдары Қазақстанда шегірткелердің аса қауіпті түрлерінің саны күрт өскен:
- 2020 жылы – 514 мың га;
- 2021 жылы – 626 мың га;
- 2022 жылы – 975 мың га;
- 2023 жылы – 1,6 млн га;
- 2024 жылы – 3,1 млн га;
- 2025 жылы – 2,7 млн га.
Шегірткенің күрт көбейіп, қайта азаюы күн белсенділігінің 11 жылдық циклімен тікелей байланысты болуы мүмкін дейді сарапшылар. Биылғы және өткен жылдардағы күн белсенділігінің жоғарылауы зиянкестердің көбеюіне әсер еткен.
Алайда министрлік өкілдері зиянкестердің таралуы тек табиғат жағдайына ғана емес, фермерлердің жер өңдеу тәсілі мен агротехникасына да байланысты екенін атап өтті.
"Мемлекет тек аса қауіпті топтасқан шегірткелерге қарсы шараларды қаржыландырады. Басқа зиянкестермен күрес жер иелерінің өз міндеті. Егер фермерлер биыл өз аумақтарын дұрыс өңдемесе, келесі жылы зиянкестердің жаңа толқынына тап болуы әбден мүмкін", – деді Алмат Сүлейменов.
Өткен жылғы шегіртке мәселесі министрлікті дрондармен және олардың операторларымен қамтамасыз етсе, биыл ведомство тұрғындармен жедел байланыс орнатуға арналған жаңа цифрлық құралдарды сынақтан өткізді. Тұрғындардың хабарламаларына тез жауап беру мақсатында арнайы Telegram-бот іске қосылды. Дегенмен, оны тек 30-ға жуық адам ғана қолданған. Көпшілік әлі де телефон арқылы хабарласуды жөн санайды екен.
Бұл жағдайды түсіндіру оңай: Жоғары аудиторлық палатаның соңғы есебіне сәйкес, былтыр Қазақстанда 800-ден астам ауылға интернет тарту жоспарланғанымен, 2024 жылдың соңында бірде-бір елді мекен интернетпен қамтамасыз етілмеген.