Қазақ қоғамында «ұлттық құндылықтарды сақтау керек» деген ұран жиі айтылады. Парламент мінберінен де, түрлі жиындарда да бұл тіркес сан мәрте көтерілді. Жуырда сенатор Сәкен Арубаев тіпті осы салада арнайы республикалық орталық құруды ұсынды. Алайда «ұлттық құндылық» деген ұғым нақты нені білдіреді? Бұл – ашық анықталмаған, бірақ баршамыздың аузымыздан түспейтін ұғым. Қоғамға, әсіресе жастарға бағыт-бағдар боларлық құндылықтар тізбесін жүйелеп беру қажет шығар? Осы сауал төңірегінде сарапшылар не дейді?
Саясаттанушы Қайнар Қапановтың айтуынша, ұлттық құндылықтар – бұл халықтың рухани дамуын айқындайтын тарихи, мәдени және этикалық мұралар.
– Ұлттық құндылықтар – халықтың немесе қоғамның адамгершілік дамуының негізі болып табылатын рухани жетістіктері. Олар тарих бойы материалдық және рухани мәдениеттің ықпалымен қалыптасады, – деді ол. – Мысалы, Антикалық дәуірдің үш басты құндылығы – шындық, ізгілік және сұлулық.
Қапановтың пайымдауынша, құндылықтар – адамның, қоғамның және мемлекеттің дамуына бағыт беретін басты бағдар. Олар өмір сапасын анықтайды, жеке адамнан бастап тұтас ұлттың болмысын бейнелейді.
– Құндылықтар – ең басты нәрсе. Олардан кейін ғана мақсаттар пайда болады, – дейді ол.
Сарапшы соңғы онжылдықтарда қоғам санасында үлкен өзгерістер жүргенін атап өтті. Оның пікірінше, адамдардың көбі материалдық игілікке – сәнді киімге, қымбат көлік пен үйге ұмтылса да, мұның бәрі ішкі бос кеңістікті толтыра алмайды.
– Тұтынушылық идеологиясы адам болмысын бұрмалап жіберді. Қоғамда рухани емес, пайдакүнемдік басым. Элита мен халық арасындағы құндылық алшақтығы тереңдеді. Халық көбіне отбасы, туыс, қауымдастық секілді «күлгін құндылықтарға» сүйенеді, – дейді Қапанов.
Оның пікірінше, қазіргі таңда ең маңызды әлеуметтік құндылық – жауапкершілік.
– Авраам Линкольн айтқандай, «ең басты құндылық – еңбек». Еңбекқорлықты кең насихаттау қажет. Ұлттың қолы күнде күрек іздеуі керек. Адам болып туу – бір бақыт, бірақ адам болып қалу – еңбек, – деп түйіндеді саясаттанушы.
Ал әлеуметтанушы, социоантрополог Ефрат Имамбек ұлттық құндылықтарды қалыптастыру тек дәстүрлі мәдениет арқылы ғана мүмкін деп есептейді.
– Депутаттар «мәдени құндылықтар» мен «мәдени мұраны» шатастырып отыр. «Мәдени құндылықтар» дегенде материалдық және рухани дүниелер қатар айтылады. Бірақ қоғамда бұл ұғым көбіне «рухани құндылықтар» мағынасында қолданылады, – деді ол.
Имамбектің айтуынша, қонақжайлық, үлкенге құрмет, ата-ананы қадірлеу, әділеттілік, адалдық сияқты нормалар – қазақ болмысының өзегі. Бірақ бұл құндылықтарды заңмен бекітіп, шенеуніктік түрде таратудың қажеті жоқ.
– Ресмилік мұндай дүниелерге жараспайды. Халық шынайылықты қалайды, – деді сарапшы.
Дегенмен, ол депутаттардың шын мәнінде мәдени мұра – әсіресе рухани мұра туралы айтқысы келгеніне үміт білдіреді.
– Бұл – ата-бабадан қалған, ұрпаққа аманат етіп жеткізуіміз тиіс асыл мұра. Арнайы орталық құру бастамасын осы тұрғыдан құптаймын. Бұл тіпті кеш бастама деуге де болады, – деді Имамбек.
Ол ұлттық құндылықтар көзі ауылда екенін айтады.
– Ауылда әлі күнге дейін қазақы болмысты сақтап отырған адамдар бар. Біздің міндет – сол қауымдастықтарды анықтап, барынша қолдау. Ұлттық сана мен рухани тұтастық солардың жүрегінде, – деді ол.
Имамбектің пікірінше, ұлттық құндылықты сахнадан көрсету жеткіліксіз. Терең мазмұн, өнер мен сөздің салмағы болуы шарт.
– «Оян, қазақ!», «Жаужүрек мың бала» сияқты фильмдер қоғамға әсер етті. Бірақ бұлар оқшау құбылыстар ғана. Мұндай деңгейдегі драмалық не опералық туындылар сиреп барады. Ал театр – ойлы ұлтты тәрбиелейтін рухани орталық. Мықты спектакльдер ұлттың өзін тануына ықпал етеді, – дейді сарапшы.
Ол саха театрының көрнекті қайраткері Андрей Борисовтың сөзін еске салды: «Спектакльді саха халқы театрға топ болып кіріп, ұлт болып шықсын дегендей қою керек».
Имамбек те осы ойды қолдайды: егер мемлекет тек «халық» деп аталатын массаны емес, шын мәнінде қоғамды қалыптастырғысы келсе – рухани жұмысты маңызды орынға қоюы керек.