ИСЕСКО Бас директорының Қазақстандағы сапары: мәдени мұра мен ынтымақтастыққа жаңа серпін

Ақтоты Жапатова 26 сент. 2025 16:57

2025 жылғы 17–18 қыркүйекте елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі өтті. Бұл халықаралық ауқымды жиынға Ислам білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымның (ИСЕСКО) Бас директоры, доктор Салим бин Мұхаммед Әл-Малик арнайы шақырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Түркі мәдениеті және мұрасы қорының бастамасы мен қолдауының нәтижесінде Бас директордың сапары тек Астанадағы форуммен шектелмей, еліміздің тарихи-рухани орталықтарына жалғасты. 19–21 қыркүйек күндері ол Шымкент пен Түркістан облысына барып, бірқатар маңызды кездесу өткізді.

Шымкенттегі кездесу

19 қыркүйекте доктор Салим бин Мұхаммед Әл-Малик Шымкент қаласына келіп, қала әкімі Ғабит Сыздыбекпен ресми жүздесті.
Кездесу барысында мәдени мұра мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, Қазақстанның тарихи ескерткіштерін Ислам әлемінің мәдени мұралар тізіміне енгізу мәселелері талқыланды.

Сол күні Бас директор жұма намазына қатысып, Сайрам ауданындағы Ибраһим ата мен Қарашаш ана кесенелеріне зиярат етті. Кешкісін қала әкімінің атынан құрметті қонақтарға мәдени бағдарлама ұсынылды.

Түркістан сапары

20 қыркүйекте делегация «Шымқала» тарихи-мәдени кешенін, облыстық тарихи-өлкетану мұражайын аралап, Отырар ауданына сапар жасады. Қонақтар Арыстан баб кесенесіне зиярат жасап, одан кейін Түркістан қаласына ат басын бұрды. Облыс басшылығымен кездесу барысында аймақтың мәдени-рухани әлеуетін таныстыруға басымдық берілді.

21 қыркүйекте Түркістан облысының әкімімен ресми келіссөздер өткізіліп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде ұстаздар мен студенттермен жүздесу өтті. Сонымен бірге, ИСЕСКО Бас директоры Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Ұлы Дала Елі» орталығы, Түркістан музыкалық драма театры және «Керуен Сарай» кешенін аралады.

Мәдени дипломатияның маңызы

Бұл сапар – Қазақстанның бай мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға, тарихи ескерткіштерімізді Ислам әлемінің ортақ мұрасына енгізуге және мәдени дипломатияны дамытуға жол ашатын маңызды қадам.

Біздің Қор үшін мәдени мұра – өткеннің ізі, болашақ ұрпаққа аманат.

Шымкент пен Түркістан өңірінің қасиетті орындары – түркі өркениеті мен ислам мәдениетін байланыстыратын алтын көпір.

ИСЕСКО Бас директорының Қазақстанға сапары – ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастауға, еліміздің халықаралық беделін арттыруға және туризм мен мәдени байланыстарға тың серпін беруге бағытталған еліміздің мәдени дипломатиясындағы маңызды белес.

ИСЕСКО Бас директорының Қазақстанға сапары – тек мәдени ынтымақтастықты нығайту ғана емес, халқымыздың бай рухани қазынасын әлемдік деңгейде танытуға жол ашқан маңызды тарихи кезең. Бұл сапар арқылы Қазақстанның мәдени мұрасы ислам өркениетінің ортақ игілігі ретінде жаңа белеске көтерілді. Қазақстанның бай мәдениеті мен рухани қазынасы түркі әлемі мен ислам өркениетін жалғайтын алтын көпір болып қала береді.


Рекомендовать
Последние новости