Алматыда Satbayev University қабырғасында «Білім берудегі шахмат» III Халықаралық конференциясы өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz
Конференцияны Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) қолдауымен ұйымдастырушы – Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess). Бас серіктесі – Freedom Holding Corp.
Конференцияның 2 күнінде Қазақстан, Түркия, Армения, Еуропалық Одақ елдері мен АҚШ-тың жетекші сарапшылары және білім беру саласында істейтін 350-ден астам қазақстандық білім беру шахматының дамуын талқылады.
Конференция бағдарламасында шахматты білім беруге интеграциялаудағы халықаралық тәжірибе мен практика назарға ұсынылды. Түркия шахмат федерациясының президенті Фетхи Апайдын Түркияның тәжірибесі туралы баяндама жасады. Халықаралық мектеп шахматы федерациясының өкілдері Надежда Кравчук пен Ділдә Наурызбаева мектепте шахматты дамытудағы халықаралық тәсілдемелерді тілге тиек етті. Полиция генерал-майоры және ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы Ақынқали Дәрменов курсанттардың зияттық дамуы туралы айтып берді.
Шахматты жоғары білім беруге енгізу мәселесіне арналған панельдік пікірталасты Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов, Ваган Саркисян (Армения мемлекеттік педагогикалық университеті), Марк Бейг (Жирона университеті, Испания) және басқа да сарапшылар өткізді. КаzСhess атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова «Патша жүріс жасайды: шахматтағы әйелдер» сессиясына қатысты. Конференцияның бірінші күнін FIDE «Chess in education» комиссиясының аға кеңесшісі Леончо Гарсия (Испания) және комиссия хатшысы Рита Аткинс (Венгрия) баяндама жасап аяқтады. Екінші күні шеберлік сабақтары өтті: комиссия төрағасы Джерри Нэш (АҚШ) «Шахмат және сыни ойлау» тақырыбын қамтыса, Леонче Гарсиа мастер-классты — пәнаралық тәжірибелерге, Марк Бейг орындау функцияларын дамытуға арнады, ал Рита Аткинс пен Қуаныш Сүлеймен шахмат есептерін шешу және цифрлық платформалар бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
«Бізде шахмат білімінің өте қарқынды даму динамикасы байқалады. Шахматты білім беру жүйесіне енгізу зияткер ұлтты қалыптастырып қана қоймай, сонымен қатар ойлампаз, стратегиялық ойлайтын тұлғаларды тәрбиелеудің мықты іргетасын қалайды. Біз Қазақстанның «Білім берудегі шахмат» бағдарламасын енгізудегі бірегей тәжірибесін экспорттап, білімін бөлісіп және зияткерлік тұрғыдан дамыған қоғам құру жолында басқа елдерді шабыттандырып жатқанын мақтан тұтамыз», – деді ҚШФ бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.
Оның сөзі білім беру шахматының жаһандық дамуына Қазақстанның үлес қосып жатқанын ерекше көрсетті.
Қазақстанда іске асырылып жатқан «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы айтарлықтай нәтиже беріп отыр. 2025 жылы «Шахмат негіздері» пәні 20 өңірдегі 1500-ден астам мектебінде енгізілді. Бұл 2027 жылға қарай 1400 мектеп кешенді жоспарының KPI көрсеткішінен асты. Бағдарламаға 60 мыңнан астам оқушы қатысуда. Шахмат оқыту әдістемесі бойынша оқудан 20 өңірдің 2500 педагогі өтті.
Қазақстан шахмат федерациясы педагогтердің біліктілігін арттыратын ұйым мәртебесіне ие болды. Енді мұғалімдер аттестаттау кезінде жарамды сертификат алады.
Сонымен қатар мамандарды даярлау жұмысы жүргізілуде: 7 педагогикалық жоғары оқу орнында қосымша «Шахмат педагогі» minor бағдарламасы іске қосылып, 2025-2026 оқу жылында 5 жоғары оқу орнының 204 студенті оқуды бастап кетті. Мектептерге қазақ және орыс тілдерінде 1 және 2-ші сынып мұғалімдеріне арналған онлайн курстар жазылды.
«Білім берудегі шахмат» бағдарламасы жаңа оқу мәдениетін қалыптастырады, онда шахмат балалардың ақылдырақ, өзіне сенімдірек және табыстырақ болуына көмектеседі. Бұл бағытқа деген қызығушылық жылдан-жылға артып, шахматтың білім беру құралы ретіндегі тиімділігін растайды.