Петропавл маңындағы ауыл тұрғындары үйлеріне белгіленген өтемақы сомасымен келіспей отыр. Мемлекеттік мамандар сүруге жататын баспаналарды бар-жоғы 4 миллион теңгеге бағалаған, деп хабарлайды Dalanews.kz 31-арнаға сілтеме жасап.
Үй иелері нарықтық құнды ескеріп, қайта бағалау жүргізуді талап етуде. 2024 жылғы су тасқынынан кейін ондаған баспана мемлекет меншігіне қайтарылып, олардың орнына дамба салу жоспарланған. Су басу қаупі бар аймақтағы үйлер биыл сүрілмек.
"Берілген қаражат жер сатып алуға да жетпейді. Жасым 70-те, үй салуға шамам жоқ. Дайын үй алуға да ақша жетпейді, бар болғаны 4 миллион теңге береді", – дейді ауыл тұрғыны Райхан Сурағанова.
Тұрғындардың айтуынша, қазіргі үй бағасымен мемлекет ұсынып отырған сомаға тіпті қора да тұрғызу мүмкін емес. Бұған дейін оларға жөндеу үшін 2 миллион теңге берілгенімен, ол қаражат шығынды жаппаған: су мен электрді халық өз қаржысына жүргізген.
Ал әкімдік өкілдері түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын мәлімдеді.
"Мұнда екі шешім бар. Біріншісі – барлық үйді сүріп, тұрғындарды басқа жерге көшіру. Екіншісі – үйлерді қалдырып, дамбаның биіктігін көтеру. Қайсысы тиімді болса, сол жүзеге асады. Толық есеп-қисаптан кейін түпкілікті шешім қабылданады", – деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Азат Ыбраев.
Алайда тұрғындар баспанасыз қаламыз ба деп алаңдап отыр. Егер өтемақы мөлшері өзгермесе, олар сотқа жүгінуге ниетті.