Президент жұрттың қаржылық, ақпараттық, цифрлық саладағы сауатын арттыру мәселесін көтерді

Кәмшат Тілеухан 26 сент. 2025 15:44

Бүгінгі Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің жиынында Президент жұрттың қаржылық, ақпараттық, цифрлық және басқа да саладағы сауатын арттыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz Ақордаға сілтеме жасай отырып.

"Ғалымдар әрдайым жасампаздық жаршысы болуға тиіс. Қазір әлеуметтік желі арқылы халыққа ақыл айтатындар көбейіп кетті. Олардың арасында жалған ақпарат таратып, жұртты адастыратын адамдар аз емес. Осындай санасыз, пиғылы арам адамдардың теріс ықпалына түсіп, кейбір жастар ғаламторда неше түрлі өсек немесе халықты арандатуды көздейтін материалдар жаза бастады. Бірақ осы жерде бір мәселе бар. Тиісті мекемелер заманауи технологияларды пайдалана отырып, осындай деструктивті жазбаларды жазатын адамдардың аты-жөнін, тұратын жерін, бәрін анықтап алып жатыр. Олар жас болғаннан кейін әзірге түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Бірақ мұндай әрекеттер жалғаса берсе, тиісті мекемелер Заң мен тәртіп тұжырымдамасын орындау үшін басқа шара қолдануға мәжбүр болады. Мұндай сәтте ғалымдар үнсіз қалмауы керек, жастар арасында, жалпы қоғамда жан-жақты ағарту жұмысын жүргізуі керек. Үкімет пен әкімдердің қызметінде олқылық мүлдем жоқ деп ешкім айтпайды, бірақ олар туралы пікір айтқан кезде халықты арандатпай, қоғамды шулатпай, салмақты және саналы пікір айту қажет. Еліміздің тұрақтылығы, бұл – ең маңызды басымдық. Кез келген мәселе жайлы қоғамдық пікір білікті мамандардың көзқарасы негізінде қалыптасуы керек", – деді Президент.

Осы ретте Мемлекет басшысы ғалымдардың ағартушылық миссиясына ерекше назар аударды.

"Сіздер әр саланы терең білесіздер. Атқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын жақсы түсінесіздер. Соны жастарға айтып жеткізу керек. Олардың бойында әлеуметтік оптимизм қалыптастыру өте маңызды. Заман күрделі болса да, біздің бағытымыз – дұрыс. Еліміз қиындықтың бәрін еңсеріп, үздіксіз дамып келеді. Бес жылда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 181 миллиардтан 291 миллиард долларға көбейді. Биылғы 8 айдың өзінде экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің халықаралық резерві мен Ұлттық қордың активі 116 миллиард доллардан асты. Соның ішінде халықаралық резервіміз рекордтық деңгейге жетіп, 54,6 миллиард доллар болды. Мұның бәрін басқа мемлекеттер, беделді ұйымдар көріп отыр, мойындап жатыр. Мысалы, Standard and Poor’s агенттігі бұған дейін еліміздің дамуын "тұрақты" деп болжап келді. Енді "жағымды" деген болжам жасауда. "Сырт көз – сыншы". Әлем қауымдастығының Қазақстанға деген сенімі біздің дұрыс жолмен келе жатқанымызды көрсетеді. Алайда халықаралық рейтингтерде жоғары орын иелену – біз үшін мақсат емес, оның үстіне бұл тоқмейілсуге себеп бола алмайды. Біз мұны түсінуіміз керек. Біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын ұдайы арттыру және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Дәл сол себепті біз қиын да күрделі өзгерістер арқылы реформалар жүргіземіз. Бұл оңай жол емес. Елімізді басқаша өркендете алмаймыз. Бәріміздің мақсат-мүддеміз – бір. Бұл – Әділетті, Қуатты, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстанды құру. Бұл іске ғалымдар қауымы мол үлес қосады деп сенемін", – деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін өз сұқбатында танымал қажыгер Ғалым Құсайыновтың филиалдары, несие менеджерлері және кассалары бар бізге таныс банк әлемі соңғы жылдарын бастан кешіп жатыр, бұл ешқандай алып-қашпа сөз емес, айқын фактілер, онда да үш қуатты драйвер ретінде цифрлық теңге, жасанды интеллект (AI) және баламалы қаржы құралдары сипатында бүгіндері қалыптасып жатқан жаңа ландшафт банктерді түбегейлі өзгертуге немесе қазіргі күйіндегісін сахнадан кетуге  мәжбүр етеді деп айтқанын жазғанбыз.


Рекомендовать
Последние новости