Қостанайлық белсенді түрмеде аштық жариялады

Көркем Алдабергенова 26 сент. 2025 12:42

Қарабалықтық блогер Миршат Сәрсенбаев қамаудағы жағдайға және медициналық көмектің көрсетілмеуіне қарсылық білдіріп, аштық акциясын бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сотталушының айтуынша, ол екі күннен бері ас та, су да ішпеген, тіпті дәрі-дәрмегін ішпей отыр.

"Екінші күн қатарынан медблокқа шығармай отыр. Колония басшысы уәде бергенімен, орындамады. Мен гипертоникпін, қант диабетімен ауырамын, қан қысымымды өлшей алмай жүрмін. Маған қысым көрсетілуде", – дейді Сәрсенбаев.

Оның сөзінше, бұл жағдай тамыз айының соңындағы жауап алудан кейін басталған. Сол кезде ол тергеу изоляторында өрт дабылы мен өрт сөндіргіштердің жоқ екенін айтқан. Содан бері оған жалған тәртіп бұзушылықтар таңылып, тиісті құжаттардың көшірмесі берілмеген.

Блогер кеше тәртіптік изоляторға жабылғанын, онда жағдай өте ауыр екенін жеткізді. Оның айтуынша, таза су жоқ, камералар суық әрі ылғал, әжетхана бейнабақылау астында орналасқан. Бұған дейін ол кешкі ас пен серуеннен де айырылған.

Сәрсенбаев бұған дейін наурыз айында соққыға жығылып, алғаш рет ДИЗО-ға қамалғанын еске алды. Қазір одан ақша талап етіп, жазасын өтеп жатқан сотталғандармен бір камераға отырғызғанын айтады.

Кезекті сот отырысынан кейін ол жедел жәрдем шақыруды сұрады. Себебі изолятордың ішінде медициналық көмекке қол жеткізе алмай отыр. Оның адвокаттары да барлық заңбұзушылықтарды сотқа жеткізген.

Қылмыстық іс қалай басталды?

Миршат Сәрсенбаев бұған дейін «Неудобные вопросы Миршата Сарсенбаева» атты YouTube арнасын жүргізіп, жергілікті мәселелерді көтерген. 2025 жылдың 15 ақпанында ол Қарабалық құс фабрикасының қалдықтарына қатысты бейнеролик жариялап, қоғам назарын аударған.

20 ақпанда блогер ұсталып, бастапқыда үйқамаққа алынған. Алайда прокуратура шағымданып, сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды.

Сәрсенбаевқа Қылмыстық кодекстің 194-бабының 4-бөлігі 2-тармағы («Аса ірі көлемде қорқытып алу») бойынша айып тағылып отыр. Жәбірленуші тарап ретінде құс фабрикасының басшылығы танылған.

Блогер мен оның туыстары тағылған айыпты жоққа шығарады. Олардың айтуынша, Сәрсенбаев ешкімнен ақша талап етпеген, тек қоғамға мәселені жеткізуді мақсат еткен.


Рекомендовать
Последние новости