Филиалдары, несие менеджерлері және кассалары бар бізге таныс банк әлемі соңғы жылдарын бастан кешуде. Бұл ешқандай алып-қашпа сөз емес, айқын фактілер: қаржы секторында дәстүрлі банкингті тарих қойнауына қалдыратын технологиялық өзгерістер "дауылы" келе жатыр. Онда да үш қуатты драйвер ретінде цифрлық теңге, жасанды интеллект (AI) және баламалы қаржы құралдары сипатында бүгіндері қалыптасып жатқан жаңа ландшафт аталады, олар банктерді түбегейлі өзгертуге немесе қазіргі күйіндегісін сахнадан кетуге мәжбүр етеді. Бұл туралы танымал қажыгер Ғалым Құсайынов өз сұқбатында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz Forbes Kazakhstan-ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, бұл реттегі басты талап күтпеген тараптан, яғни мемлекеттің өзінен туындауда. Ұлттық Банк әзірлеп жатқан цифрлық теңге қолма-қолға жатпайтын ақшаның тағы бір түрі ғана емес. Ол,негізінен, цифрлық ақша - тікелей орталық банк алдындағы міндеттемелер. Коммерциялық банктер үшін бұл тікелей төнген қауіп болмақ.
"Цифрлық теңгеге келгенде бұл тізбектен екінші деңгейлі банктер тысқары қалатын секілді. Күнделікті төлемдер екінші деңгейдегі банктің аясынан тыс, тікелей клиенттер арасында жасалуы мүмкін. Бұл дегеніміз банктердің ондаған жылдар бойы пайда тауып келген төлемдер мен аударымдардағы делдал ретіндегі негізгі рөлін жоғалту қаупі бар. Азаматтар мен компаниялар транзакцияларды Ұлттық Банктің әмияндары арқылы тікелей жүргізе алатын болса, неге оларға коммерциялық банк түріндегі делдалдардың қажеті қанша?», - дейді ол.
Банктерге шабуыл басқа тұстардан да жасалуда.
"Біріншіден,бұл -криптовалюталар. Реттеуші органның күмән-күдігіне қарамастан, олар параллель қаржы жүйесін құра отырып, дамуын жалғастыруда. Бұл - мемлекет жанынан пайда болған баламалы қаржы жүйесі, ол төлем жүйесі ретінде ішкі валютаны алмастыра алады. Екіншіден, бұл қор нарығын демократияландыру. Мобильді инвестициялық қосымшалардың арқасында бүгінде кез-келген компания бағалы қағаз шығара алады, ал кез-келген адам банктерді айналып өтіп, оларды сатып ала алады. Қор нарығының дамуымен несиелерді компаниялар қор нарығынан алатын болады... Осы тізбекте де банк өз рөлін жоғалтады",-дейді сарапшы.
Салымшылар да, қарыз алушылар да бір-бірін ашық нарықтан тауып алып жатқанда "депозитке алу-несие беру" түріндегі дәстүрлі модельдің қабырғасы сөгіліп қоя береді деп санайды ол.
"Үшінші және мүмкін ең күшті фактор - жасанды интеллект.AI жай құрал болып қана қоймай, бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторына айналуда. AI-ді өз процестеріне кіріктіре алмаған банктер өмір сүре алмайды.Жасанды интеллект өнімнің өзіндік құнын өзгертеді. AI-ді өз жүйелеріне тезірек енгізген банктер бәсекеге қабілетті болады... себебі жасанды интеллект жақсы, шаршауды білмейді, ол 24/7 жағдайында жұмыс істей алады",— деп атап өтті Ғалым Құсайынов.
AI бүгіндері қоңырауларға жауап беріп, қарыз алушының несиелік қабілетін бағалай алады, алаяқтықтың да алдын алып, есеп бере алады. Осы процестерді адамдарға сеніп тапсырушы банктер жылдамдық, сапа және ең бастысы қызметтердің құны бойынша өзгеден қалыс қалады. Бұл реттегі жалғыз жол - экожүйеге айналу. Құсайыновтың пікірінше, мұндайда тек банк болып қалу тиімсіз. Болашақ клиенттің өмірінің барлық салаларына біріктірілген платформалар сипатындағы экожүйелер мен суперапптарда. Қазақстандағы оның ең жарқын мысалы - Kaspi.
"Банктер қазірдің өзінде үлкен экожүйелерге айналуда. Олар банк жүйесіне тән емес бизнесті қамтуға тырысады: билеттер, азық-түліктер сатып, маркетплейске айналады", - дейді сарапшы. Бұл жолға бүгіндері Freedom Holding және Halyk Bank сияқты басқа ойыншылар да түсуге тырысуда. Енді күрес ең жақсы депозиттік пайыз үшін емес, клиенттің смартфонындағы таптырмас қосымшаға айнала білуде болады, ол арқылы тұтынушы өзінің барлық тұрмыстық және қаржылық міндеттерін шеше алуы керек. Осылайша классикалық банкингтің күндері келмеске кетеді", деп сөзін түйіндейді маман.