Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қанат Жұмабайұлы Ысқақов мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қанат Ысқақов 1982 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының жетекші маманы ретінде бастаған. Әр жылдары түрлі мемлекеттік құрылымдарда, оның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінде, ҚР Президенті Әкімшілігінде, Мемлекеттік хатшының хатшылығында, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығында жұмыс істеген.
2012–2021 жылдары Президент Әкімшілігінің баспасөз қызметінде сектор меңгерушісі болған. 2021–2023 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
2023 жылдан бері мәдениет және ақпарат вице-министрі лауазымында жұмыс істеп келді.
