“Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының бас кеңсесінде қызметкерлер санын шамамен 10 пайызға қысқарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Atameken Business дереккөзі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кейінгі уақытта квазимемлекеттік сектордағы кадр саясаты қоғам тарапынан жиі сынға ұшырап келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та нақты жұмысқа тартылмаған қызметкерлер мәселесін көтеріп, кадрлық құрылымды қайта қарау қажет екенін атап өткен еді.
Президенттің сөзінше, кейбір ұйымдарда өндірістік үдерістерге нақты қатысы жоқ қызметкерлер тобы қалыптасқан. Олар жұмыс уақытында кафелер мен қонақүйлерде уақыт өткізіп, интернетті пайдаланып, нақты міндеттер атқармайтыны сынға алынған.
Осы сын-пікірлер аясында ұлттық холдинг бас кеңседегі штат санын оңтайландыруға мәжбүр болып отыр. Қысқарту кадрлық құрылымды тиімді етуге және жұмыс өнімділігін арттыруға бағытталған.
