Тамыз айында да елімізде доллар көптеп сатып алынып, рубль көптеп өткізілген

Кәмшат Тілеухан 26 сент. 2025 15:27

2025 жылдың тамызында ақша айырбас орындарынан ел азаматтары долларды көптеп сатып алып, керісінше рубльді белсенді түрде айырбастауға тырысқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық Банк ұсынған статистикалық мәліметке сәйкес, бір ай барысында доллар сатып алудың таза көлемі 15%-ға өсіп, 138,8 млрд теңгеге жетті. Рубльмен байланысты нетто-операциялар минус 31 млрд теңге болды. Шілдеде бұл көрсеткіш одан да жоғары болған: - 53,2 млрд теңге. Бұл ресейлік валютаның әлсіздігіне деген сенімсіздік пен оны жинақ құралы ретінде пайдаланудың төмендігін көрсетеді.

Сарапшылардың пікірінше, жазғы маусымда шетелге саяхат пен импорттық төлемдердің көбеюі валютаға деген сұранысты күшейткен.

Бұған дейін 2025 жылы ақша айырбас орындарында рубльдің таза сатылымындағы теріс мән алғашқы бес ай бойы қатарынан тіркелгенін жазғанбыз Сондай-ақ тамыздың басында қымбатшылыққа ұрынған ресейліктер Қазақстанға лап қойғанын, айналымда рубль көлемі күрт артқаны да айтылған еді. Экономистер сол кезде елімізге сауда жасаушылармен бірге қосымша рубль массасы лақылдап келетінін ескерткен. Ал ол, өз кезегінде, алдағы уақытта теңге бағамына әсер етуі ықтимал.

"Бұл арада мынандай екі үлкен мәселе барын дұрыс түсінген жөн. Біріншіден, рубль - ішінара айырбастауға жататын валюта. Ал, бізге көп рубль келді делік, содан кейін біз оларды қайда жібереміз? Яғни, оларды айырбастау қиын. Көптеген шектеулер бар. Бұл - бір. Екіншіден, бұл өте маңыздысы, бізде инвестиция мәселесі деген бар. Яғни, бәрі тең болған жағдайда сұраныс артқанда сіз өндірісті кеңейтуіңіз керек немесе осы тауарларды жеткізу жүйесін кеңейтіп, көп пайда табуыңызға болады. Бірақ бізде бұл жағынан проблемалар бар. Демек, мұндай жағдайда нарықтық әдістер түзетуге жарамсыз", - дейді экономист Марат Кайырленов.

Қазақстандықтардың өздері де рубльге сенімді актив ретінде қарамайды. Қаржы ұйымдарының мәліметінше, маусым айында елімізде Ресей валютасының таза сатылымы 40 миллиард теңгеден асты, бұл - барлық кезеңдегі ең көп көлем. Ал экономист Эльдар Шамсутдинов Қазақстан Ресей үшін доллар сатып алатын транзиттік хабқа айналған-мыс деген тосын тұжырымымен бөліскен. Сарапшының айтуынша, KASE валюталық секциясындағы рубль айналымы күрт артып, рубльді доллармен айырбастау операциялары жиілеген. Ресейден ағылған рубль Қазақстанның ішкі нарығындағы долларға сұранысты жасанды түрде арттырып, тұрақты валюталық ажиотаж қалыптастырып отыр.


Рекомендовать
Последние новости