Украинаның екі қаласында қазақстандықтарды алдаған call орталық жойылды

Сағыныш Сардарова 25 сент. 2025 15:27

23 қыркүйекте Қазақстан Украинамен бірлесіп, алаяқтардың трансұлттық қылмыстық тобының жолын кесті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Черновцы мен Одесса қалаларында ұзақ мерзімді бірлескен жедел іс-шаралар нәтижесінде Қазақстан азаматтарын алдаумен айналысқан алаяқтық call орталық жойылды.

"Қылмыскерлер алдын ала құрылған схема бойынша әрекет еткен. Олар жәбірленушілерге Қазақстанның Ұлттық банкі, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтері атынан қоңырау шалып, "күдікті операциялар" мен "террористік ұйымдарды қаржыландыру" үшін қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып, азаматтарды несие алуға, мүлкін сатуға және депозиттегі қаражатты дроптардың шотына аударуға мәжбүрлеген. Осылайша психологиялық қысым жасаған. Топ нақты иерархиядан тұрған. Әркім өз рөлін атқарған. Онда әкімшілер, HR-менеджерлер, "клоузерлер", техникалық қызметкерлер, тіпті "күштік блок" болған.

Қылмыстық жолмен алынған ақша call-орталықтың жұмысына, көлік сатып алуға және тағы да басқа нәрселерге жұмсалды. "Кеңсені" ұстау үшін ұйымдастырушылар айына 60 мың АҚШ долларын жаратқан, ал күдіктілердің бірі соңғы алты айда бес көлік сатып алған. Бір мезгілде күдіктілердің тұрғылықты мекенжайлары бойынша және сall-орталықтың өзінде жүргізілген тінту барысында 30-дан аса компьютерлік техника, 79 ұялы телефон, sim-карталар, нысанды киім-кешек, құқық қорғау және арнайы органдардың, Ұлттық банктің қызметкерлерінің жалған куәліктері,  азаматтарды алдауға арналған түрлі жауап нұсқалары бар алдын ала дайындалған сценарийлер, сондай-ақ басқа да айғақтар тәркіленді", - деді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаев.

Тәркіленген құрылғыларда deepfake технологиясы арқылы бейне мен дауысты өзгертуге арналған арнайы бағдарламалық жасақтама табылған. Алдын ала мәлімет бойынша қаскүнемдер Қазақстан тұрғындарын 900 миллион теңгеден аса сомаға алдаған. Арнайы операция нәтижесінде Украинаның тоғыз азаматы ұсталып, оның бесеуі қамауға алынды. 


Рекомендовать
Последние новости