Мемлекет басшысы Алатау қаласына арнаулы мәртебе беру туралы жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Dalanews.kz
Бұған дейін Президент Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс екенін мәлімдеді. Бұл туралы "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Қазақстан халқына жолдауында айтты.
"Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру. Содан кейін жарты жылдан асырмай, жеке заң қабылдау қажет. Құжатта қаланы басқару режимі, оның қаржылық моделі және басқа да маңызды мәселелер қамтылуға тиіс. Арнайы құқықтық мәртебе – қалаға берілетін артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажетті шара немесе құрал екенін айта кеткен жөн. Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек. Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет", - деді Президент бұған дейін.