2029 жылға қарай елорданың жалғыз қоқыс полигоны толықтай толады. Бұл туралы Астана қаласы бойынша қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Даулет Досқұлов мәслихат отырысында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомство жетекшісінің сөзінше, соңғы жылдары тұрмыстық қалдықтардың көлемі күрт өсіп отыр.
"2023-2024 жылдары шамамен 550 мың тонна қоқыс шығарылды. 2025 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 600 мың тоннадан асады деп күтілуде. Бұған халық санының артуы және тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі себеп болып отыр", – деді Досқұлов.
Оның айтуынша, қалдықтарды бөлек жинау мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Қазіргі таңда бұл жүйемен халықтың 40%-дан аз бөлігі ғана қамтылған.
"Пластик, әйнек пен қағаздың тамақ қалдықтарымен араласуы олардың қайта өңделуін мүмкін емес етеді. Бұған инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, экологиялық мәдениеттің төмендігі және ынталандырудың жоқтығы себеп", – деді басқарма басшысы.
2024 жылы елордада жиналған қоқыстың тек 17%-ы ғана сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберілген. Ал қазір қолданыстағы екінші ұяшық толып қалған, ал үшінші ұяшықтың ресурстары қазіргі қарқынмен 2028-2029 жылдары толық сарқылады.
"Бұл экологияға айтарлықтай қауіп төндіреді. Себебі қалдықтарды сұрыптайтын зауыттың жабдықтары ескірген, қуаты жеткіліксіз. Сонымен қатар заманауи технология мен инвестицияның жоқтығы, бизнес пен халықтың белсенділігінің төмендігі де жағдайды ушықтырып отыр", – деді Досқұлов.