"Тек тіл білу не "протоколдық әдемілік" жеткіліксіз". Сарапшылар АҚШ сапарынан кейінгі ауыс-түйісті сарапқа салды

Сағыныш Сардарова 26 сент. 2025 16:43

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ сапарынан кейін біраз ауыс-түйіс жасады. Dalanews.kz саясаттанушылармен тілдесіп, мұның астарында қандай саяси мән бар екенін сұрады.

Кімдер қызметімен қош айтысып, кімдер жаңа қызметке тағайындалды?

Кеше Мемлекет басшысының өкімімен Бақытжан Сапиев Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.

Ал Әлихан Жамсатов Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.

Сонымен қатар, Тамара Дүйсенова Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі лауазымынан босатылды.

Қанат Шарлапаев та Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі лауазымынан босатылды.

Ернар Баспаев та Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі лауазымынан босатылды.

Одан бөлек Ержан Қазыхан Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі лауазымынан босатылды. Ол Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі лауазымына тағайындалды.

Ал Ерлан Әлімбаев Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі лауазымынан босатылды.

Бүгін Президент сыртқы істер министрін де ауыстырды.

Мұрат Нұртілеу Президенттің халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.

Оның орнына Ермек Көшербаев Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.

АҚШ сапарынан кейін Ақордадағы ауыс-түйістің сыры неде?

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Ақордадағы ауыс-түйіс неге байланысты екенін айтты.

"Әдеттегідей нақты деректер келтірілген жоқ. Болжамға қарағанда, әкімшілікке Ерболат Досаевтың келуіне байланысты функциялар қайта бөлінген сияқты. Айтпақшы, оның тегі Ақорда сайтында пайда болды. Ол Айбек Дәдебай мен Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің арасынан орын алды, – деді ол.

Халықаралық саясаттанушы Жанат Момынқұлов Dalanews.kz-ке берген сұхбатында  АҚШ сапарынан кейінгі кадрлық өзгерістер Қазақстан дипломатиясының қазіргі кезеңдегі қиындықтары мен жаңа талаптарының айқын көрінісі екенін айтты.

"Бұл қадам жоспарланған нәтижелерге қол жеткізілмегенін көрсетіп қана қоймай, сыртқы саясаттағы тәсілдерді қайта қараудың қажеттілігін де меңзейді.

Бүгінгі геосаяси жағдайда Қазақстанға көпвекторлы саясаттың 2.0 нұсқасы қажет. Назарбаев дәуіріндегі "барлығымен достық" моделі енді жеткіліксіз; қазір прагматикалық әріптестікке, яғни нақты инвестициялар, технологиялар мен көлік дәліздері бойынша келісімдерге басымдық беру маңызды. Экономикалық және бизнес дипломатияның рөлі күрт артуға тиіс.

Сонымен қатар, дипломатиямызға сапа мен жылдамдыққа негізделген жаңа буын кадрлары қажет: халықаралық құқық пен экономиканы меңгерген технократтар, трансұлттық бизнес тартатын кәсіби елшілер, аймақтық ерекшелікті терең білетін сарапшылар. Бұрынғыдай тек тіл білу не "протоколдық әдемілік" жеткіліксіз, қазіргі талап нәтижеге жұмыс істейтін, шетелдік қоғаммен тез араласып, ел мүддесін қорғай алатын кәсіби дипломаттарды қажет етеді", - деді сарапшы.

Сарапшы Ербол Еділов те кешеден бергі ауыс-түйіс төңірегінде пікір білдірді.

"Соңғы кадрлық өзгерістердің ішінде ең көп талқыланғаны – енді бұрынғы вице-премьер, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің отставкасы. Дегенмен басқа ауыс-түйістерді де ескеру қажет. Әзірге көрініп тұрғаны: ауыс-түйіс мұнымен бітпей, алдағы күндері де жалғасуы мүмкін.

Нұртілеу аса маңызды әрі ықпалды қызметінен шеттетілді. Бұл лауазым сыртқы саясатқа ғана емес, ішкі күн тәртібіне де әсер ететін. Дегенмен оның Мемлекет басшысының көмекшісі болып тағайындалуын Тоқаевтың кадрын қорғап отырғанының белгісі деп бағалағандар бар. Мұрат Нұртілеуге тағылған айыптар дәлелденген жоқ, ресми деректер де ұсынылмады. Бірақ қоғамда күмән қалып қойғаны рас. ...Бұл белгілі бір күштер Нұртілеуді саяси аренадан ығыстыруға ұмтылғанын көрсететіндей.

...Қалай болғанда да Президент көмекшісі қызметі сырттай көрінгендей елеусіз емес. ...Айта кету керек, Нұртілеу әзірге "Орда" сайтының редакторы Гүлнара Бажкенованың айыптауларына байланысты ешқандай түсініктеме берген жоқ әрі сотқа жүгінбеді. Бұл да қоғамда әртүрлі пікірлерге жол ашып отыр.

Басқа кадрлық ауыс-түйістерге келсек, Ақорда мен Президент әкімшілігінің құрамын күшейту байқалады. Сонымен қатар, сенімді ақтамаған шенеуніктерден арылу да жүріп жатыр. Мысалы, Нью-Йоркке барған делегацияның негізінен шенеуніктерден құралған. Десе де инвестиция тарту және жаңа жобалар мәселесінде бизнес өкілдерінің қатысуы маңыздырақ. Ал батыс инвесторлары мемлекеттік шенеуніктерден гөрі өз әріптестеріне көбірек сенеді", - деді ол.

Саясаттанушы Өзбекстанның және Қазақстанның АҚШ-пен өзара жасаған келісімдерін салыстырды.

"Қазақстан мен АҚШ арасында 4,2 млрд долларлық локомотив келісімі жасалды, бірақ ол ел ішінде сұрақтар туғызды. АҚШ президенті Дональд Трамп бұған қуанғанымен, Тоқаевпен тек телефон арқылы сөйлесуді жеткілікті көрді. Ал Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен бетпе-бет кездесіп, 6 минут уақыт бөлді. Оның үстіне өзбектердің келісімі Қазақстаннан екі есе көлемді болды. Бұл жағдай Қазақстанның аймақтық көшбасшы ретіндегі бейнесін әлсіретіп, Өзбекстанды батыс инвесторлары үшін тартымдырақ қылды.

...Бұл сыртқы саясат ведомствосының, соның ішінде ҚР-ның АҚШ-тағы бұрынғы елшісінің үлкен кемшілігі болды деген пікірге қосыламын. Сондықтан Тоқаев халықаралық блокта шұғыл ротация жүргізе бастағаны қисынды. Әрине, ол өзінің кеңесшілерін, көмекшілерін де "тазартты", - деп түйіндеді сарапшы.


Рекомендовать
Последние новости