Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке атау беру конкурсына тәулігіне 10 мыңға жуық ұсыныс түсті

Ақтоты Жапатова 27 сент. 2025 10:55

Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына атау беру конкурсына бір тәуліктің ішінде eGov Mobile қосымшасы арқылы 9945 ұсыныс жолданған. Бұл туралы ҚР Атом энергиясы агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«25 қыркүйек сағат 12:00-ден 26 қыркүйек сағат 12:00-ге дейін eGov Mobile қосымшасы арқылы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына атау беруге 9945 ұсыныс түсті», – деп нақтылады агенттік.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың мақсаты – болашақ станцияға тарихи, мәдени және ұлттық маңызы бар атауды таңдау.

Конкурсқа қатысу үшін кез келген қазақстандық мына қадамдарды орындай алады:

  • тілді таңдау (қазақ немесе орыс);

  • өз атау нұсқасын енгізу;

  • қажет болған жағдайда атаудың мәнін қысқаша түсіндіру;

  • ресми ережелермен танысқанын растау.

Ұсыныстарды қабылдау 10 қазан күні сағат 23:59-ға дейін жалғасады. Байқау ережелерімен ҚР Атом энергиясы агенттігінің ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларынан танысуға болады.

Ұйымдастырушылар барлық азаматтарды энергетика тарихына өз үлесін қосып, Қазақстанның алғашқы атом электр станциясына лайықты атау ұсынуға шақырады.


Рекомендовать
Последние новости