Алматының Саялы шағын ауданында инновациялық шығармашылық орталық пайда болады

Ақтоты Жапатова 24 апр. 2025 15:47 180

Алматы қаласы Алатау ауданының Саялы шағын ауданында келесі жылы Инновациялық шығармашылық орталықтың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді,– деп хабарлайды Dalanews.kz

«Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылдан бастап Нұркент шағын ауданында балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру үшін Инновациялық шығармашылық орталық табысты жұмыс істейді. Бүгінгі таңда орталыққа 2 300 бала келеді. Бұл тәжірибені Саялы шағын ауданында жалғастыруға ниеттіміз, онда 2026 жылдың қыркүйегінде Инновациялық шығармашылық орталықтың құрылысы аяқталады деп күтеміз», - деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ, оның айтуынша, ауданның Алғабас шағын ауданында 720 орындық жаңа Инновациялық техникалық колледждің құрылысы жалғасуда. Құрылыстың аяқталу мерзімі-2026 жылғы қаңтар.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың мамыр айында Түрксіб ауданының Жас Қанат шағын ауданында Даму және шығармашылық орталығының құрылысын бастау жоспарланған еді.

Биылғы жылы Бостандық ауданында апта сайын 2 мың бала оқи алатын заманауи Оқушылар үйі ашылды, ал Алмалы ауданындағы ескірген Оқушылар үйінің орнында «Шабыт» заманауи балаларды дамыту орталығы ашылды.


Рекомендовать
Последние новости