Үкімет Маңғыстауда астан уланған оқушылардың жағдайын өз бақылауына алды

Қаракөз Амантай 09 сент. 2024 11:41 2107

Премьер-Министр Олжас Бектенов Мұнайлы ауданынының Бесшоқы ауылында балалардың улануына байланысты Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрлері мен Маңғыстау облысы әкімінің есептерін тыңдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде 460 бала дәрігерлердің бақылауында.  Олардың 83-і ауруханада ем қабылдап жатыр. Зардап шеккендердің, оның ішінде жансақтау бөліміндегі 2 баланың жағдайы тұрақты. Денсаулығының жақсаруына байланысты жансақтау бөлімінде жатқан екі бала жалпы бөлімшеге ауыстырылды.

"Қазіргі уақытта ауруханаға улану белгілерімен түскен балалардың барлығына толық көлемде қажетті медициналық көмек, соның ішінде психологиялық көмек көрсетілуде. Оқиға орнында Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына қолдау шараларын көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тәулік бойы штаб жұмыс істейді",—деп жазды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Ауру ошағын оқшаулау және жою шараларын күшейту үшін өңірге "Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы" ШЖҚ РМК "Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы" филиалының мамандары жіберілді.

Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша бір ай ішінде республикадағы барлық мектептің асханасында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына байланысты мониторинг жүргізіледі. Ол мектептегі тамақтанудың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жайсыз жағдайлардың қайталануына жол бермеу шараларын күшейтуге бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін балалар іш ауруы мен дене қызуына шағымданып, дәрігердің көмегіне жүгінген еді.

"Мұнайлы ауданында №8 мектептің 21 оқушысы 6 қыркүйек күні кешкі мезгілден бастап жедел жәрдем шақырып бастаған. Шағымдары: іш ауруы, дене қызуының көтерілуі. Бүгінгі күні, сағат 13:15-тегі жағдай бойынша 58 бала медициналық көмекке жүгінді. 26 бала емханада ем қабылдап жатыр, 27 бала үй жағдайында бақылауда, 5 бала ауруханаға жатқызылды", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мөлдір Әділ.


Рекомендовать
Последние новости