Бақыт Ихсан - 90 жыл

Dalanews 03 сент. 2024 10:11 2193

Ақын жыры – жас ұрпақпен қауышты

Шығыс Қазақстан облысының, Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылындағы мәдениет үйінде, қазақ баспа сөзінін ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі каламгер Бақыт Ихсанұлының 90 жылдығына арналған «Ғасыр дауысы келеді құлағыма » поэтикалық еске алу кеші өтті. Қаламгер Бақыт Ихсанов оқырман қауымға «Сырымды айтам», «Жырла жүрек сырласым», «Тамырым менің тереңде», «Ұйқым келмейді», «Қанатты жылдар», «Таңдамалы» сынды еңбектерді рухани азық етіп қалдырды. Ақжар мәдениет үйінде ақынның 90 жылдығына арналған «Ғасыр дауысы келеді құлағыма» атты еске алу кеші өтті. Кеш қалемгер шығармашылығына арналған театралды поэтикалық қойылыммен басталып, ақынның «Сезім сырлары» атты кітабының тұсаукесерісмен жалғасты.

“Өмірдегі болмысы тым қарапайым қазақ баспасөзінің құрметті ардагері  атанған Бақыт ағамыз  табиғат берген дарыны бар ақын, кілең  қоғам санасына әсер ететін танымдық мақалалары, әдеби публицистикалық еңбектерімен белгілі, ел мен жер шежіресін, Тарбағатай өңірінің жылнамасын жазған қаламгер еді. Сонау кеңестік кезеңнің қызыл идеологиясының желі оңынан соғып тұрған, сол заманның қыл бұрауымен байланған тұста Бақыт ағамыз өзінің ұрпақ алдындағы салмақты жүгін білігімен, заман сұрын сезінуімен, парасатпен  пайымдай білді”, – дейді Тарбағатай ауданы Ақжар мәдениет үйінің директоры Шәкен Көпшікбаева.


Тарбағатай өңіріндегі белгілі қаламгер, танымал журналист, облыстық, жергілікті баспасөздің ардагері атанған Б.Ихсанұлы 1934 жылдың 31 мамырында Тарбағатай ауданының Бозша ауылында дүниеге келген. Жасынан өлең-жырға үйір ол алғашқы өлендерін мектеп қабырғасында-ақ жаза бастаған. 1954 жылы Зайсан қаласындағы педагогикалық училищесін бітіріп, еңбек жолын оқытушылық қызметтен бастайды. Сонау 1964 жылы Қазақтың көптеген қабырғалы қаламгерлері оқыған С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінін филология факультетін журналист мамандығы бойынша тәмәмдаған. Бақыт ағамыз облыстық баспасөзге саналы ғұмырының 33 жылын арнады. 1965-1985 жылдары аттай жиырма жыл облыстық «Коммунизм туы» қазір (Дидар) газетінің Тарбағатай ауданы бойынша меншікті тілшісі болып, ауданның тыныс тіршілігін облыс жұртшылығына жариялап отырды. Аудандық газетте редактордың орынбасары қызметін атқарып аудан баспасөзінің дамына айрықша үлес қосты.

Бақыт Ихсанұлы-өткен ғасыр басында дүниеге келіп, ауданымыздағы әдеби поэзияның өресінің өрлеуіне ақындық дарынымен өлшеусіз үлес қосқан қаламгер. Бакыт ағамыздың жүрегінен туған жырлары сонау бала кезден Бозщаның желінен, Обалы кезеңнің қыратынан, Қатайдың суынан нәр алса керек. Өлеңдері оқыған адамды ойға жетелеп, ерекше шабыт берер табиғи дарын иесі. Өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық баспасөзде жарияланған. Ауданымыздың әлеуметтік мәдени рухани шежіресінде өзгеше орны бар Бакыт Ихсанұлы өмірден өткенге дейін қолынан «қару қаламы» түспеген дарын иесі болды. Қазақтың кара өлеңін кие тұтқан жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырлары өз оқырмандарының көңіл көкжиегінен орын алды. Ақжардағы кеште ақынның өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер шырқалды. Шара басында Тарбағатайлық ақындар С.Сағдолдин, Т.Қалимажан, Е,Әділбеков, М.Мұқанғалиев, С.Есенқызы тағы да басқа ақындарымыз өлең жолдарын шашу етті. Еліне адал қызмет еткен ұстаз, ақын, журналист Бақыт Ихсанұлын еске алып, есімін ұлықтау, өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын насихаттап, ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткен шарада ақын туралы естеліктер де айтылды.

“Бақыт ағамыз өте қарапайым адам еді. Үйіне барғанда балалардың шулаған дауысын да естімейтін едім. Өте ақкөңіл, жанашыр жан еді. Уақыт өте мен сол отбасында 16 перзент барын білдім. Одан бұрын 3-4 бала ғана бар деп келіппін. Шулаған баланың үні де шықпайтын, киімдері тап-таза жүретін. Бұның бәрі апаймыз бен Бақыт ағаның ым-жымын шығармай тәрбиелеп, жақсы жолға салуынан деп білемін. Қарапайым тәрбиенің арқасында бүгінде балалары әке жолын қуып ақын, жазушы, тілші болды”, - деп естелігімен бөлісті Төлеген ағамыз.

Сонымен қатар «Ғасыр дауысы келеді құлағыма» атты облыстық ақындар мүшайрасының жүлдегерлері анықталды. Топ жарған ақындарға сыйақы табысталды. Жыр сайысына 40-қа жуық ақын қатысып, 10 ақын жүлдегер атанды. Рухани кеш барысында Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Мамырбаев құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Бас редакторлар клубының президенті Бибигүл Жексенбайдың және Қазақстан Жазушылар Одағының арнайы хатын ақынның балаларына табыс етті. Рухани шараға жиналған жұрт ақын жайлы естеліктер легіне құлақ түріп, ән мен жыр тыңдап қайтты. Өлең өмір дүниесіне жоғалмас қазынадай жырларын қалдырған Бақыт ағамыздың қызы Гүлжанат Бақытқызы ақынның жаңа кітабын кеш қонақтарына сыйға тартып, аудан кітапханаларына табыс етті.

Айта кетейік, бүгінде әке жолын қуып, ақындық пен тілшілікті қолға алған. Алматының төрінде мықты тілші Гүлжанат, ал екінші қызы ақын, жазушы Нұржанат Ихсанова және облыстық “Дидар” газетінің белді журналисі, осы басылымда 20 жылдан артық жемісті қызмет етіп келе жатқан Айжанат Бақытқызы мамандықтарына адал болып, әке аманатына адалдық танытуда.


Рекомендовать
Последние новости