Алматы облысы Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу ауылынан Сібір жарасы анықталды. Ауыл карантинге жабылды, деп хабарлайды Dalanews.kz Sputnik Қазақстанға сілтеп.
Ұйғыр ауданының жұртшылығы бұл ақпаратқа үрке қарап, үйлерінен шығуға қорқып отыр. Тұрғындардың айтуынша, Үлкен Ақсу ауылында індетпен адам да, мал да ауырған, ауыл карантинге кеше жабылған.
"2-3 адамның үстіне жара қаптап кеткен, тексеру қорытындысы Сібір жарасы деп шығарыпты. 20 адамнның үшеуінен анықталды деп жатыр. Ватсаптағы біздің ауылдың тобына үйден шықпаңыздар деген ақпарат келіп жатыр. Осыдан 25 жылдай бұрын бұл ауру біздің ауданда болған, бір адам қайтыс болған еді. Оны әк сияқты ұнтақпен жерленгені бар еді", - дейді аудан тұрғындары.
Үлкен Ақсу ауылының әкімі Адылжан Құрбаниязов бұл ақпаратты растады. Әкім сырқаттанып Алматыдағы ауруханада жатқандықтан бар естіген ақпаратымен ғана бөлісті.
"1-2 адамнан сібір жарасы анықталған. Індет ошағы болуы мүмкін деп мал, ет өнімдерін тасымалдауға шектеу қойылып, барлығы тексеріліп жатыр. Сібір жарасын жұқтырған жігіт өзінің сиырын сойған екен, содан жұқты деген күдік бар. Ауылдан адам шықпасын деген қаулы шыққан жоқ. Тек мал өнімдеріне шектеу қойылады. Ауыл тұрғындары малын қораға қамап ұстап отыр", - дейді ауыл әкімі.