Түркістанның еті экспортқа шығады

Dalanews 08 нояб. 2018 11:52 842

 Шетелдік нарыққа шығу кез-келген елдің экономикалық мүмкіндігін паш ететін көрсеткіштің бірі.

Түркістан облысы 2025 жылға қарай 58 156 тонна етті қайта өңдеп экспорттайтын болады. 2017 жылы бұл көрсеткіш 29 323 тоннаны құраған.

Сондай-ақ, бүгінге дейін өңірде 43 375,2 сүт қайта өңделіп келсе, келешекте 92 875 тоннаға артады. Ал, 7 195 тонна көкөністен дайын өнім алынса, алдағы уақытта 49 195 тонна тауар қайта өңделмек.


Бұл туралы облыстық ауыл шарушылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен жиында мәлімдеді.

Оның сөзінше, жоғарыда аталған жетістіктерге жаңадан әзірленген «Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың өңірлік бағдарламасы» аясында қол жеткізілетін болады.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында облысымызда жалпы 107 кәсіпорын жұмыс істеп келеді. Оның 38-і ет, 35-і сүт, 34 кәсіпорын жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеумен айналысады. Бағдарлама аясында 2025 жылға қарай облыс аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының саны 45 бірлікке жеткізу жоспарда бар. Жоспар жүзеге асса, экспорт көлемі 2,5 артады», – деді Нұрбек Бадырақов.

Өткен жылы қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 231,5 млн. АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткішті 2022 жылға қарай 578,8 млн. АҚШ долларға жеткізу жоспарлануда.


Жалпы 2017 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 1 671 376 тоннаға жеткен. Оның 41,5 пайызы Ресей, Белоруссия, Қырғызстан елдеріне, 38,5 пайызы Өзбекстанға 9,2 пайызы Ауғанстан Республикасына жөнелтілген. 2022 жылға қарай экспорт көлемін 4 178 440 тоннаға жеткізу көзделуде.

Бағдарлама аясында өңірдегі агороөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспортты әртараптандыру үшін Түркістан қаласының аумағында агро аймақтар құрылмақ.

Бұдан бөлек, 2019 жылы дизель отынын электронды тарату, 2020 жылы көкөніс-жеміс, бақша, мақта және мал шаруашылығы өнімдерін сатуда электронды сауда саттықты жүзеге асыру жоспарлануда.

 

Рекомендовать
Последние новости