Мәсімовтің экс-күйеу баласынан Қытаймен шекарадағы «Достық» станциясындағы терминал тәркіленді

Көркем Алдабергенова 14 апр. 2026 15:09

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі «ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Капеновке қатысты қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану және ақша қаражатын жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу амалдарына сай, Капенов қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жүк вагондарын басқару қызметтерін көрсету кезінде байланысы бар компанияларға заңсыз артықшылықтар жасаған.

Салдарынан «ҚазТемірТранс» АҚ-ға 5,2 млрд теңгеден астам мөлшерде залал келтірілген.

Қазіргі уақытта Азамат Капеновке халықаралық іздеуге жарияланған. Сотпен оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.

Келтірілген залалды өтеу және заңсыз алынған активтерді қайтару мақсатында Бас көлік прокуратурасы «Достық» станциясындағы терминалды сотқа дейін тәркілеу туралы өтініш жолдаған.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының қаулысымен аталған мүлік мемлекет кірісіне өткізілді.

Тергеу жалғасып жатыр.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жариялауға жатпайды.

Еске салайық, бұған дейін іздеу жарияланған Азамат Кәпенов Біріккен Араб Әмірліктерінде жасырынып жүруі мүмкін екені айтылды. Бұл туралы ақпарат «Выход к морю» телеграм арнасында пайда болған еді. 

Телеграмдағы мәлімет бойынша, бұл туралы ақпарат ресейлік «Магистраль» жүйесінде пайда болған. «Магистраль» - ел ішінде қоғамдық көлік жолаушыларының қозғалысын және олардың Ресей Федерациясының Мемлекеттік шекарасынан өтуін тіркеп отыратын жүйе. «Выход к морю» Кәпенов Мәскеуден Дубайға 2023 жылдың 22 шілдесінде ұшып кетіп, қайтадан оралмағанын жазады.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove