Алматыдағы Қазақстан баспасөз клубында қаңғыбас жануарларды эвтаназиялауды қарастыратын заң жобасына қарсы зооқорғаушылардың баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға қоғам белсендісі Аружан Саин бастаған жануарларды қорғаушылар қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қоғамда аталған заң жобасына қатысты пікірталас күшейіп тұр. Осы тұста спикерлерге "Қайсысы маңызды: қаңғыбас иттердің өмірі ме, әлде балалардың өмірі ме?" деген сауал қойылды. Журналист мысал ретінде 2022 жылы Ақтөбе облысында иттерге таланып, қаза тапқан баланың оқиғасын алға тартты.
Алайда Аружан Саин бұл мәселеге жауап бере отырып, балалардың қаңғыбас иттерден зардап шегуін басқа да қайғылы жағдайлармен салыстырды.
"Өкінішке қарай, әлемде балалар түрлі жағдайда зардап шегіп жатады. Олар соғыс кезінде де, қылмыскерлердің қолынан да, түрлі жазатайым оқиғалардан да жапа шегеді. Әрине, бәріміз балаларды толық қорғағымыз келеді, бірақ оларды барлық қауіптен толық сақтау әрдайым мүмкін бола бермейді", – деді ол.
Сонымен қатар Аружан Саин балалардың қауіпсіздігіне ең алдымен ересектер жауапты екенін айтты. Оның сөзінше, ата-аналар балаларын қауіпті болуы мүмкін жерлерде қараусыз қалдырмауы керек.
"Әсіресе кішкентай балаларды қараусыз қалдыруға болмайды. Балаға қауіп төнуі мүмкін жерде жалғыз жүруге жол бермеу қажет. Бұл тек жануарларға қатысты мәселе емес, бұл – ересектердің де жауапкершілігі", - деді қоғам белсендісі.
Соған қарамастан зооқорғаушылар қаңғыбас жануарлар санын азайту үшін эвтаназия қолдануға қарсы екенін жеткізді. Олардың пікірінше, басты шешім – жануарларды стерилизациялау. Алайда бұл тәсіл жануарларды көшеден алып кетпей, тек көбеюін шектеуге бағытталған.
