Қазақстан экономикасы 3%-ға өсті: мұнайсыз өсім тіркелді

Самал Асқар 14 апр. 2026 21:45

2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан экономикасы 3%-ға өсті, деп хабарлайды Dala News.
 
Бұл туралы Үкімет отырысында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.
 
Оның айтуынша, биылғы жылдың басты ерекшелігі – экономиканың мұнай секторынсыз өсіп жатқаны.
 
«Экономика қалыптасқан жағдайларға байланысты мұнай секторынсыз өсіп отыр», – деді Әмрин.
 
Нақты сектордағы өсім 2,1%-ды, қызмет көрсету саласында 3,7%-ды құрады. Ең жоғары өсім құрылыс, көлік және өңдеу өнеркәсібінде тіркелген.
 
Инвестициялар көлемі де артқан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,4%-ға өсіп, 3,5 трлн теңгеге жетті. Жеке инвестициялар 20,9%-ға ұлғайған.
 
Ең жоғары өсім:
•электр және газбен жабдықтауда – 2,5 есе;
•ақпарат және байланыс саласында – 2 есе;
•ауыл шаруашылығында – 70,6%.
 
Өңірлер бойынша Жамбыл, Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары және Ұлытау облысында инвестиция өсімі жоғары болған.
 
Сыртқы сауда да оң динамика көрсеткен. Қаңтар-ақпан айларында тауар айналымы $21,7 млрд-қа жетті. Оның ішінде экспорт – $12 млрд, импорт – $9,6 млрд. Сауда балансы $2,4 млрд-тан асқан.
 
Өңдеу өнеркәсібі 8,5%-ға өскен. Бұл өсім 18 өңірде тіркелген.
 
Салалық өсім:
•машина жасау – 21,9%;
•фармацевтика – 46%;
•металл бұйымдары – 39,3%;
•құрылыс материалдары – 37,1%.
 
Құрылыс саласы 14,8%-ға өсіп, 3,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ең жоғары көрсеткіштер Абай, Ұлытау, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында тіркелген.
 
Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінің үлесі (12,7%) екінші жыл қатарынан тау-кен секторынан асып түскен. Ал мұнай секторының ЖІӨ-дегі үлесі 2010 жылғы 16,5%-дан 2024 жылы 8,1%-ға дейін төмендеген.
 
«Тұрақты даму үшін экономиканы әртараптандыруды жалғастыру маңызды», – деді Әмрин.

 


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove