Алматы зообағында тянь-шань қоңыр аю күшіктері дүниеге келді, деп хабарлайды Dala News.
Зообақ мәліметінше, қаңтар айы жануарлар үшін ең «өнімді» кезеңдердің бірі болған. Бұған дейін мұнда амур жолбарыстары мен кенгурулардың төлдегені хабарланған.
Екі аю күшігі Курманбек пен Герда есімді аюлардан туған. Герда үшін бұл – төртінші рет төлдеуі.
Жыртқыш сүтқоректілер бөлімінің жетекшісі Гаухар Сергібаева күшіктердің қаңтар айында дүниеге келгенін айтты.
Оның сөзінше, аюлар алғаш туған кезде соқыр, саңырау және өте әлсіз болады. Алғашқы 3–4 айда олар ін ішінде болып, анасының сүтімен қоректенеді.
Қазіргі уақытта анасы күшіктерін үлкен қоршауға шығара бастаған. Мамандардың айтуынша, Герда тәжірибелі аналық ретінде күшіктеріне жақсы күтім жасап отыр.
Зообақ дәстүр бойынша жаңа туған аюларға ат қою үшін тұрғындарды қатысуға шақырды. Қазіргі таңда бір ұл және бір қыз аюға есім таңдау жүріп жатыр.
