Қазақстанда педагогтерді аттестациялау жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізіледі, деп хабарлайды Dala News.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, реформаның негізгі мақсаты – мұғалімдердің еңбегін әділ әрі ашық бағалау жүйесін қалыптастыру және артық талаптар мен негізсіз қаржылық шығындарды қысқарту.
Жаңа модель педагогтердің кәсіби нәтижелеріне негізделіп, бағалау үдерісі барынша түсінікті әрі объективті форматқа көшіріледі.
Негізгі өзгерістердің бірі – мұғалімдердің білімін бағалау үшін тестілеудің толық алынып тасталуы.
Алайда тестілеу:
- жас мамандар үшін;
- педагогикалық қызметке қайта оралғысы келетіндер үшін;
- білім беру ұйымдарының басшылары, олардың орынбасарлары және әдіскерлер үшін сақталады.
Жаңа талаптарға сәйкес, мектепте кемінде 2 жыл үздіксіз жұмыс істеген педагогтер біліктілік санатын алу үшін өтініш бере алады. Бағалау олардың практикалық қызмет нәтижелері бойынша жүргізіледі.
Портфолио:
- педагогтің жетістіктері;
- оқушылардың нәтижелері;
- сабақ сапасы мен тәрбие жұмысының көрсеткіштері негізінде қалыптастырылады.
Сонымен қатар барлық деңгейлер үшін авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемелік материалдарды ұсыну талабы алынып тасталады.
Жаңа жүйе 2027 жылдан бастап енгізіледі.
Оған дейін өтпелі кезең қарастырылған. Егер педагог алғашқы әрекетте қажетті балл жинай алмаса, оның қолданыстағы санаты мен үстемақылары сақталады.
Мұндай педагогтердің аттестациясы 2026–2027 оқу жылына ауыстырылып, жаңа ережелер бойынша, тестілеусіз өтеді.
Сондай-ақ қайта тест тапсыру (ақылы негізде) тәжірибесі де жойылады. Бұған дейін төленген қаражат толық қайтарылады.
Қазіргі уақытта жаңа форматтағы аттестация ережелері әзірленіп жатыр.
Министрлік бұл өзгерістер бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізуді жоспарлап отыр.
