«Таза Қазақстан»: Қонаев қаласында EcoQolday цифрлық жүйесі таныстырылды

Самал Асқар 14 апр. 2026 17:28

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен республика аумағында жүзеге асырылып жатқан жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында Алматы облысы Қонаев қаласында салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Dala News.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақ арасында тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және кәдеге жарату дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ экологиялық білім мен мәдениетті арттыру болды.

Іс-шара барысында EcoQolday цифрлық жүйесі арқылы оқушыларға қалдықтарды басқарудың заманауи тәсілдері түсіндірілді. Жоба шеңберінде қаладағы мектептердің оқушыларымен, сынып жетекшілерімен, сондай-ақ білім беру басқармасы қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылды.

Экологиялық ағартушылық бағыттағы бұл кездесулерді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Экология кафедрасының білікті мамандары – профессор А.Т. Қуатбаев және қауымдастырылған профессор Н.А. Нурбаева өткізді.

Бағдарлама аясында қатысушыларға тұрмыстық қалдықтардың қоршаған ортаға әсері, олардың түрлері, қалдықтарды бөлек жинау жолдары және қайта өңдеу мен кәдеге жарату тәсілдері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Теориялық біліммен қатар, практикалық дағдыларды қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінді.

Жоба шеңберінде білім беру және материалдық қамтамасыз ету бағыттары да жүйелі түрде іске асырылды. Атап айтқанда, Қонаев қаласындағы 11 мектепте қалдықтарды бөлек жинау үшін әрқайсысы 3 контейнерден тұратын 66 жинақ орнатылып, «қағаз/картон», «пластик», «шыны/металл» фракциялары бойынша жалпы саны 198 арнайы контейнер орналастырылды.

Сонымен қатар, білім беру қамтуы аясында 1230 оқушы арнайы оқытудан өтіп, бұл кемінде 10%-дық нысаналы көрсеткішке сәйкес келді. Бұдан бөлек, 164 педагогқа (19,1%) арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Олардың қатарында биология және география пәні мұғалімдері, сынып жетекшілері, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, технологтар мен мектеп директорлары болды. Бұл семинарлар мектептерде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау дағдыларын қалыптастыруға және оқушылардың экологиялық жауапкершілігін арттыру жұмыстарын жалғастыруға бағытталды.

«Таза Қазақстан» бастамасы – мектеп оқушыларының қоршаған ортаға ұқыпты қарауын қалыптастыруға, тұрақты тұтыну мәдениетін дамытуға және ұлттық экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге бағытталған маңызды жоба болып табылады. Ұйымдастырушылар бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Жобаның орындаушысы – Қазақстан экологиялық қоры болды, ал іс-шаралар Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove