2025 жылы Қазақстанның ағымдағы шотының тапшылығы 12,5 млрд долларға дейін ұлғайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, 2024 жылы 6,8 млрд доллар болған тапшылық бір жыл ішінде айтарлықтай өсіп, 12,5 млрд долларға жеткен. Бұған сауда балансы профицитінің қысқаруы себеп болған.
Экспорт көлемі өткен жылдың деңгейінде сақталып, 90,1 млрд долларды құраған. Тауар экспортының төмендеуі қызмет экспортының өсуімен өтелген. Ал импорт көлемі 9%-ға артып, 80,3 млрд долларға жеткен. Негізгі өсім өнеркәсіптік тауарларды сатып алудың ұлғаюымен байланысты.
Сонымен қатар табыс балансының тапшылығы 4%-ға қысқарып, 22,3 млрд долларды құраған. Бұл көрсеткіш негізінен шикізат экспортынан түсетін таза табыстың азаюымен байланысты.
Жамаубаевтың сөзінше, соған қарамастан резидент емес тұлғаларға төленетін төлемдер көлемі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл төлем балансына қысым түсіріп отыр.
