“Тұмауға ұқсас вирус өршіп жатыр”. ДСМ қазақстандықтарға үндеу жасады

Қаракөз Амантай 05 янв. 2025 13:28 1773

Жіті респираторлық вирустық инфекцияларға жататын метапневмовирустың әлемде таралуы туралы БАҚ-тағы соңғы хабарларға байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Адам метапневмовирусы — көптеген елде ондаған жыл бойы таралған классикалық вирустардың бірі. Қазақстанда метапневмовирус ЖРВИ және тұмаудың маусымдық өршуі кезеңінде басқа вирустармен қатар анықталды”, — деп мәлімдеді министрлік.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметі бойынша, эпидемиялық маусым басталғаннан бері республика бойынша тұмауға жатпайтын вирустарға қарсы 8 360 үлгі зерттеліп, оның 1 866-сы (22%) оң нәтиже көрсеткен.

“Олардың арасында паратұмау – 178 (9,5%), РС вирусы – 433 (23,2%), метапневмовирус – 30 (1,6%), риновирус – 680 (36,4%), бокавирус – 113 (6,1%), аденовирус – 226 (12,1%), коронавирус – 206 (11,1%) жағдайы тіркелді”, — деп қосты ведомство.

Метапневмовирус негізінен ауа арқылы таралады және кейде тұрмыстық байланыс арқылы да берілуі мүмкін. Вирус белгілеріне жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, бас ауруы және тырысу жатады. Аурудың нақты емі жоқ, тек симптоматикалық ем жүргізіледі.

Қазақстанда ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық өсуі 1 қазаннан бері тіркеліп, республикада ЖРВИ-дің 2 002 335 жағдайы және зертханалық расталған тұмаудың 941 жағдайы, оның ішінде А(H1N1) типті тұмаудың 910 жағдайы, А(H3N2)-1 жағдайы, В тұмауының 30 тіркелді.

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды профилактикалық шараларды сақтауға, адамдар көп жиналатын жерлерде байланысты шектеуге шақырады. Бұл, әсіресе, созылмалы аурулары бар адамдар үшін аса маңызды.

Тұмау мен ЖРВИ-дің профилактика шаралары:

• Адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу;

• Үй-жайларды үнемі желдету;

• Қолды тазарту үшін антисептиктер мен дезинфекциялық майлықтар қолдану;

• Ауру адамдармен байланыс орнатпау және оларды оқшаулау;

• Тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, ұйымдасқан ұжымдарға жібермеу;

• Ауру белгілері пайда болған жағдайда уақытылы медициналық көмекке жүгіну.

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды осы ережелерді сақтауға шақырып, жұқпалы аурулардың алдын алу қажеттігін ескертеді.


Рекомендовать
Последние новости