«ҚазАвтоЖол» Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ағымдағы жылдың 26 желтоқсанында Қордай аудандық сотымен «ҚазАвтоЖол» Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары Д. Тультаев, «ДорСтрой» ЖШС мердігерлік ұйымы жобасының жетекшісі У. Құрбанов және «Алматы Сапа Инжиниринг» ЖШС техникалық қадағалау сарапшысы Д. Мұсақұл сотталды.
Олар қазақ-қырғыз шекарасындағы «Қордай» өткізу пунктін салу, кеңейту және реконструкциялау кезінде 296 млн теңгеден астам бюджет қаражатын ысырап еткені үшін кінәлі деп танылды.
Жымқыру орындалмаған жұмыстар актілеріне қол қою, сол жұмыс түрлеріне екі есе ақы төлеу, жабдықтың құнын асыра бағалау және заттарды аз жеткізу жолымен жасалған.
Тультаев пен Құрбановқа тиісінше 10 жыл мерзімге жол-құрылыс жұмыстарымен және құрылыс жұмыстары саласындағы кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, әрқайсысына 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сол үкіммен Мұсақұл сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында 10 жыл мерзімге инжинирингтік қызметтер көрсетумен айналысу құқығынан айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.